• 25 апреля, 2024 6:45 дп

ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ  НАҚЫШТАҒЫ СӘН КИІМ ҮЛГІЛЕРІНІҢ КӨРМЕСІ ӨТУДЕ

Автор:admin

Июн 7, 2022

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», деген есті сөзі әлі де ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қо­сып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, маз­мұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұмытылмақ емес. Осы мақсатта Шымкентте қала күні мерекесі қарсаңында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының аясында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестивалі өтіп жатыр.  Аталған іс-шара «Ынтымақ» этносаралық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қаламызда алғаш рет қолға алынып отыр. Қазақи нақышқа толы көрмені тамашалауға Алматы және Шымкент қаласы сән үйлерінің өкілдері мен дизайнерлері және қала тұрғындары келді.

– «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестивалін өткізудегі мақсатымыз – Ұлы Дала мәдениетінің бірден-бір мұрагері қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің қолданысын аясын кеңейту және жас ұрпаққа дәстүрлі киім үлгілерін ұсыну болып отыр. Сонымен қатар қаламыздағы ұлттық киім индустриясында қызмет атқаратын жас дизайнерлер мен зергерлердің қолынан шыққан бұйымдары — дәстүрлі киімдер мен әшекейлер, ат-әбзелдері, құрақ көрпе, күнделікті тұрмыста қолданатын дүниелерді кеңінен танымал ету. Бүгінгі іс-шарада балалар мен қариялар нео-этно стиліндегі ұлттық киімдер шеруін өткізеді.  Одан бөлек Мирас, Ақсукент, ОҚМПУ жоғары оқу орындарының сән мектептері өздерінің топтамаларын таныстырады,- деді «Ынтымақ» этносаралық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гауһар Төлепова. Қазақи сән киім үлгілерін дәріптеген бұл іс-шарада 9 коллекция көрсетіледі. Оның ішінде 4 топтама «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігіне тиесілі.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin