• Вт. Окт 20th, 2026

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТЕКТІКТЕРІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Автор:jsk.kz

Окт 20, 2026

 

Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға және олардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бұл бағытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жеңілдетілген несиелеу, консультациялық сүйемелдеу және бизнесті дамытуға арналған бірқатар бағдарламаны ұсынады.

Солардың бірі – «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы. Оның мақсаты – басым салалардағы кәсіпкерлік субъектілерін ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету. Негізгі бағыттарға өңдеу өнеркәсібі, туризм, ақпараттық технологиялар және креативті индустрия жатады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсетуді жеңілдету мақсатында «Даму» қорының базасында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Бірыңғай фронт-офисі іске қосылды. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлер холдингтің еншілес ұйымдарының қолдау құралдары туралы ақпарат алып, консультациялық және практикалық көмекке жүгіне алады. Атап айтқанда, «Даму» қоры, Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Экспорттық-кредиттік агенттік және «Qazaqstan Investment Corporation» ұйымдарының қолдау мүмкіндіктері ұсынылады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Шымкент қаласында «Даму» қорының өңірлік филиалы базасында Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталығы жұмысын бастады. Пилоттық жоба Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында іске асырылуда. Орталық кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешуге, банктер мен бюджет алдындағы берешекті реттеуге, қаржыландыруға қолжетімділікті қалпына келтіруге және өнім өткізуді ұйымдастыруға жәрдемдеседі. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар, әкімдіктер, банктер мен басқа да ұйымдар тартылады. Мамандар кәсіпкердің өтінішін қабылдап, мәселені шешу жолдарын айқындап, тиісті нәтижеге қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді.

Қор кәсіпкерлерге қаржылық қолдаумен қатар, бизнесті дамытуға арналған қаржылық емес қызметтерді де ұсынады. Олардың қатарында консалтингтік қызметтер, онлайн оқыту және отандық өнімдерді өткізуге жәрдемдесу бар. Кәсіпкерлер online.damu.kz платформасында «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша тегін оқудан өте алады. Оқу барысында қаржы, құқықтық негіздер, сату, маркетинг, басқару, цифрландыру және автоматтандыру мәселелері қамтылады. Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін ілгерілету мақсатында маркетплейстермен жұмыс жүргізілуде. Биыл 885 кәсіпкер Halyk Market және Forte Market платформаларына қосылған. Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы толық ақпаратты «Даму» қорының ресми сайты damu.kz арқылы ала алады. Сондай-ақ 1408 бірыңғай байланыс орталығы, қор сайтындағы JivoChat онлайн-чаты және ресми әлеуметтік желілердегі парақшалар ақпарат алудың қолжетімді арналары болып табылады. Аталған шаралар кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге, бизнестің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және өңірдегі кәсіпкерлік бастамалардың дамуына бағытталған.

Толығырақ:https://youtube.com/live/BnO9BEob0oM?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Автор: jsk.kz