• Ср. Окт 21st, 2026

Тақырып: KazRoadlab — жол сапасын бақылаудағы цифрлық серпіліс

Автор:jsk.kz

Окт 21, 2026

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды мемлекеттік дамудың басты бағыттарының бірі ретінде айқындап, заманауи технологияларды экономиканың түрлі саласына енгізудің маңыздылығын атап өтті. KazRoadlab цифрлық жүйесі- осы бағыттағы технологялық шешімдердің бірі.

Жолдың беріктігі мен ұзақ мерзімді қызмет етуі құрылысқа қолданылатын материалдардың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан материалдарды зерттеу мен сапаны бақылау тетіктерін жетілдіру аса маңызды. Осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК – да KazRoadlab цифрлық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.

KazRoadlab ақпараттық жүйесі сынақ зертханаларының жұмысын бір ортаға біріктіреді. Сынама алынған сәттен бастап зерттеу нәтижелері дайын болғанға дейінгі барлық кезеңді электрондық форматта тіркейді.

Инженер планшет арқылы сынама алынған орынды белгілеп, материал туралы мәліметтер мен фотосуреттерді жүйеге енгізеді. Әрбір үлгіге жеке QR- код беріледі. Осы QR- код арқылы кез-келген сынаманың зерттеу тарихын бақылауға болады. Бұл деректердің сақталуын қамтамасыз етіп, қағаз құжат айналымын қысқартады.

KazRoadlab жүйесі — зертханалық зерттеулердің обьективтілігі мен ашықтығын арттырады. Зертхана қызметкерлері сынаманың қай нысаннан алынғанын, сондай-ақ мердігер мен тапсырыс берушінің кім екенін көрмейді. Бұл зерттеу нәтижелеріне сыртқы ықпал ету қаупін азайтады.

KazRoadlab жүйесі сынақ орнынан алынған деректерді тікелей қабылдап, есептеулер жүргізеді. Барлық жұмыс камералар арқылы тіркеліп, фотоматериалдар нәтижелермен бірге толық сақталады. Бұл нәтижелерді кез-келген уақытта қайта тексеруге және қолмен енгізу кезінде туындауы мүмкін қателерді азайтуға мүмкіндік береді.

-Зертхана қызметкерлеріне сынаманың қай нысаннан алынғаны, оны кім жеткізгені және қай мердігер ұйымға тиесілі екені туралы ақпарат көрсетілмейді. Бұл ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған. Сонымен қатар жүйені енгізу мамандардың жұмысын жеңілдетіп, көп уақытты қажет ететін құжат айналымын қысқартуға және процестерді жылдам әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік берді,- дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШҚФ Сынақ зертханасының меңгерушісі Тұрар Манас.

Айта кетейік, KazRoadlab жүйесі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК – да 2019 жылдан бері қолданылып келеді. Цифрлық жүйе 2024 жылы жетілдіріліп, функциналдық мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа технологиялық платформаға көшірілді.

ЖАСҰО РМК ШҚФ баспасөз қызметі

Автор: jsk.kz