• Ср. Окт 21st, 2026

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ РЕФОРМАЛАРЫНЫҢ НЕГІЗІНДЕ АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ МҮДДЕЛЕРІ ТҰР

Автор:jsk.kz

Окт 21, 2026

Шымкент қаласында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаевтың «Реформалар мәні: Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Өңірге сапары аясында ол ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, параспортшылармен және белсенді жастармен кездесіп, Президент реформаларының негізгі бағыттарын талқылады.

«Мемлекет адам үшін»: Жаңа парадигма және жаңғырту бағыты

Кітаптың ресми таныстырылымы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ұйымдастырылды. Іс-шараға ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері жиналып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің тарихи маңызын сөз етті.

Еңбекте мемлекеттік басқаруды жаңғырту, өңірлік даму, ұлттық бірегейлік пен елдің халықаралық аренадағы орны сияқты маңызды мәселелер қарастырылған.

Кездесуде сөз алған Мәулен Әшімбаев ел дамуының басты бағдарына тоқталды:

«Әділетті Қазақстан» идеясының түпкі мәні – «мемлекет мемлекет үшін» деген түсініктен «мемлекет адам үшін» қағидатына түбегейлі бет бұру. Ел дамуының жаңа парадигмасының негізінде адам және оның мүдделері тұр. Бұл ұстаным жаңа Конституцияда нақты көрсетілген», – деді ол.

Сонымен қатар, қатысушылар елдің цифрлық дамуы мен технологиялық әлеуетін арттыру мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Мәулен Әшімбаев жаһандық өзгерістер дәуірінде Қазақстан әлемдік үдерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Инклюзияны ілгерілету және бұқаралық спортқа қолдау

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев «Металлург» спорт кешеніне барып, Шымкент қаласының бочча құрамасымен, параспортшылармен, олардың ата-аналарымен және жаттықтырушылармен жүздесті.

Кездесуде инклюзивті қоғам мәдениетін қалыптастыру мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жағдай жасау мәселелері талқыланды. Соңғы екі жылда қалада бочча спортына қызығушылардың едәуір артқаны және өңірлік команданың республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүргені айтылды. Сондай-ақ, Шымкентте бой көтеретін жаңа Инклюзивті спорт орталығы спортшыларға кең мүмкіндіктер ашатыны сөз болды.

Мәулен Әшімбаев спортшыларға қолдау білдіріп:

«Араларыңыздан ұлттық құраманың болашақ мүшелері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шығатынына сенімдімін. Біз алдағы уақытта да сіздерге қолдау көрсете береміз», – деп атап өтті.

Жастар және болашақ технологиялар

Шымкентке жасаған сапары Достық үйінде өңір жастарымен өткен ашық диалогпен түйінделді. Жиында жастардың реформаларға қатысуы, жасанды интеллект пен цифрландыру дәуіріндегі рөлі және олардың сараптамалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар Шымкентте «Taldau» экожүйесінің білім беру мен қоғамдық жобаларын дамытуға үлкен қызығушылық білдіріп, өз идеяларымен бөлісті.

Бұл сапар мемлекеттік реформалардың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инклюзивті қоғам құру және жастардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

Автор: jsk.kz