Қазіргі қарқынды дамыған заманда қоғамның ең белсенді бөлігі – жастар. Олардың көзқарасы, өмірлік ұстанымы мен таңдауы елдің ертеңгі бет-бейнесін анықтайды. Соңғы жылдары жастар арасында спортқа деген қызығушылықтың күрт артуы – көз қуантарлық, үміт ұялатар жақсы үрдіс. Бұрынғы заманда спорт тек кәсіби спортшылардың немесе арнайы үйірмеге қатысатындардың ғана еншісі сияқты көрінетін. Бүгінде бұл стереотип күйреді. Көшедегі жүгіру жолақтары, саябақтардағы велосипед тепкен жеткіншектер, кешкі мезгілде лық толатын спорт алаңдары мен заманауи фитнес-орталықтар – бұл жаңа буынның саналы таңдауының айқын дәлелі. Бүгінгі таңда әлемдік аренада топ жарып жүрген қазақстандық жас спортшылардың жетістіктері мыңдаған замандастарына үлкен қанат бітіруде. Олардың табандылығы мен жеңіске деген құштарлығы «мүмкін емес ештеңе жоқ» екенін дәлелдеп келеді. Әрбір чемпионның артында тер төгілген қажырлы еңбек пен темірдей тәртіп тұр, ал бұл қасиеттер жастардың өмірдің басқа салаларында да табысты болуына жол ашады. Жастардың спортқа ден қоюы – бұл тек сән немесе уақытша құбылыс емес, бұл салауатты, саналы әрі бәсекеге қабілетті ұлттың қалыптасып жатқанының белгісі. Әрбір таңғы жүгіру, әрбір бағындырылған шың – жарқын болашаққа жасалған нық қадам. Спорт – ол тек күш емес, ол – өмірдің өзі! Осы орайда Шымкент қаласында «ReLife» жобасы аясында жастар арасында кіші футболдан турнир өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік, тәртіп пен белсенді өмір салтын қалыптастырудың маңызын атап келеді. Осы бағытта жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі.
Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен спорттық додаға қаланың 5 ауданынан 10 құрама команда қатысты.
Турнир барысында командалар өзара бақ сынап, спорттық шеберліктері мен командалық ұйымшылдығын көрсетті. Жарыс тартысты өтіп, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов қатысып, қатысушыларды құттықтады.
Басқарма басшысы өз сөзінде спорттың жастарды тәртіпке, жауапкершілікке, өзара қолдауға және командалық рухқа тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар жастарға мықты денсаулық, дұрыс таңдау, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тіледі.
Jsk ақпараттық агенттігі
