• Пн. Сен 28th, 2026

БУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫ БІР ҚАДАМ

Автор:jsk.kz

Сен 28, 2026

 

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – бұл балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг — қорқыту, мазақ ету, қысым көрсету. Буллинг – бір немесе бір топ баланың басқа біреуді жүйелі түрде әдейі ренжітіп, қорлауы. Өкінішке қарай, мектеп қабырғасында немесе әлеуметтік желіде әлімжеттік көріп жүрген балалардың саны азаймай тұр. Буллинг – жай ғана «балалардың еркелігі» немесе «уақытша тартыс» емес, бұл адамның психикасына орны толмас жарақат салатын қатыгездік түрі. Қазіргі қоғамда жастардың саналы, жан-жақты дамыған және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуы – ең маңызды міндеттердің бірі. Елдің ертеңі болған жастардың қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және заң талаптарын қатаң сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.  Қазіргі таңда бұл мәселеге мемлекет тарапынан да ерекше назар аударылып, заңнамалық деңгейде қатаң шаралар қарастырылған. Кез келген заңсыз әрекет, соның ішінде қорқыту немесе төбелес жауапкершіліксіз қалмайды. Жастардың құқықтық мәдениетін көтеру – салауатты, қауіпсіз және әділ қоғам құрудың негізгі тетігі. Буллингсіз орта қалыптастыру үшін әрбір жасөспірім өз әрекеті үшін жауапкершілікті сезініп, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Заңды құрметтеу – бұл әркімнің өз болашағына, қауіпсіздігіне және ертеңгі күніне жасаған сенімді қадамы. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында «Буллингке қарсы бір қадам» тақырыбында М. Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде кездесу өтті.  Іс-шараға Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ КҚҚБ бастығы, полиция подполковнигі Кошанов Ернар Жомартович, Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ ҚҚБ ЮПТ КТІЖ аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ирисбеков Рахымжан Испандиярович, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Анарбаева Әсемай Есенқызы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Қоңрат Үміт Қайсарқызы қатысты. Кездесу барысында жастарға буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әділетті, қауіпсіз және өркениетті қоғам құрудың ең маңызды тетіктерінің бірі – азаматтардың құқықтық сауаттылығы. Бүгінгі қарқынды дамыған заманда әрбір тұлға өзінің негізгі құқықтары мен бостандықтарын біліп қана қоймай, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Өкінішке қарай, күнделікті өмірде кейбір азаматтардың құқықтық ақпараттан бейхабар болуы салдарынан түрлі келеңсіз жағдайларға тап болатынын жиі көреміз.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: jsk.kz