• Пн. Сен 28th, 2026

ЭТНОСАЯСАТ ЖӘНЕ ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ: ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ

Автор:jsk.kz

Сен 28, 2026

Бүгінгі таңда әлемде түрлі қақтығыстар мен түсініспеушіліктер орын алып жатқан кезде, еліміздегі бейбітшілік пен тыныштық – баға жетпес байлық. Осы тұрақтылықтың алтын діңгегі – этносаясат пен бірлік. Ал осы құндылықтарды түсініп, болашаққа бағыт бағдар жасаушылар – ең алдымен, жастар. Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірегей мекен. Этносаясат дегеніміз – осы көпұлтты қоғамдағы барлық азаматтың құқығын тең ұстап, тіліне, дініне, мәдениетіне құрметпен қарау арқылы татулықты сақтау жүйесі. Қазақстандағы ең басты қағидат – «Біз – біртұтас ұлтпыз». Бұл әрбір этнос өкілі өз ұлттық ерекшелігін, ана тілі мен салт-дәстүрін сақтай отырып, ортақ Отанымыздың дамуына үлес қоса алады деген сөз. Бүгінгі ақпарат легі қайнаған заманда жастардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруда рухани құндылықтар мен діни сауаттылықтың орны ерекше. Интернет бен әлеуметтік желілердегі алуан түрлі ақпарат көздері сананы улап, теріс жолға жетелеу қаупін де бірге ала келеді. Осы орайда, әрбір жастың бойында сыни ойлау қабілеті мен дұрыс діни көзқарастың болуы – заман талабы. Қоғамда әртүрлі пікірлердің болуы қалыпты жағдай. Алайда бізді біріктіретін құндылықтар әлдеқайда жоғары: бұл – ортақ болашақ, бейбітшілік, тәуелсіздік және өзара сыйластық. Жастар өзгерістің қозғаушы күші болғандықтан, еліміздегі бірлік пен келісімді сақтаудағы жауапкершілікті де сезіне білуі тиіс. Бейбіт өмір – өздігінен орнайтын дүние емес. Оны күнделікті саналы әрекетімізбен, бір-бірімізге деген құрметімізбен қорғауымыз керек. Түрлі ұлт пен тілдің басын қосқан Қазақстанның әрбір жасы – осы үлкен шаңырақтың тірегі. Еліміздің болашағы біздің бірлігіміздің мықтылығына тікелей байланысты! Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің студенттері арасында «Этносаясатты түсіндіру және деструктивті діни ағымдардың зияндылығын насихаттау» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесуге Жастар ресурстық орталығының мамандары, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы Рауан Қыпшақбаев және Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ эксперті Нұржан Абдукаримов қатысты.

Кездесу барысында жастарға діни сауаттылықты арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, зайырлы қоғам құндылықтарын сақтау және этносаралық келісімді нығайту бағытында ақпараттар берілді.

Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.

Автор: jsk.kz