• Пн. Сен 28th, 2026

КӘСІБИ БАҒДАР – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Автор:jsk.kz

Сен 28, 2026

Бүгінгі қарқынды дамыған заманда әрбір жастың алдында тұрған ең маңызды әрі жауапты қадамдардың бірі – мамандық таңдау. «Жақсы маман – өз ісінің шебері» демекші, дұрыс таңдалған кәсіп – тек табыс көзі ғана емес, ол адамның өзін-өзі табуының, қоғамға пайда келтіруінің және бақытты өмір сүруінің негізі. Ал бұл жолда жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруші күш – кәсіби бағдар беру жүйесі болып табылады. Кәсіби бағдар – бұл жастардың жеке қабілеттерін, қызығушылықтарын, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оларға саналы түрде мамандық таңдауға көмектесетін кешенді жұмыс. Ол мектеп қабырғасынан басталып, тұлғаның еңбек жолына қадам басқанға дейінгі аралықты қамтиды. Мамандық таңдауда балаға бағыт беру тек мектептің ғана емес, ата-ананың да ортақ міндеті. Кейде ата-аналар өздерінің орындалмаған армандарын балалары арқылы жүзеге асырғысы келіп, қателік жібереді.  Ұстаздар мен кәсіби бағдар берушілер психологиялық тесттер арқылы баланың әлеуетін ерте жастан байқап, дұрыс бағыт сілтей алады. Ал ата-аналар баласының таңдауына құрметпен қарап, моральдық тұрғыдан қолдау көрсетуі тиіс. Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ танымдық-түсіндірме іс-шараларын белсенді жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар арнайы қолға алынған «Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы шеңберінде ұйымдастырылуда. Осы бастама негізінде 28 қыркүйек күні қала мектептерінде жоғары сынып оқушыларына арналған арнайы кездесулер топтамасы өтті. Нақты айтқанда, жас буынға бағыт-бағдар беру шаралары №3 Ұлықбек атындағы ЖОББМ, №50 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясы және №23 З.Космодемьянская атындағы мектеп-лицейі қабырғасында ұйымдастырылды. Түсіндіру жұмыстарының бас спикері Ақан Сәбитұлы Бесбаев оқушылармен еркін форматта сұхбат құрды. Ол өз сөзінде заманауи еңбек нарығының өзгеру үрдістерін талдап, бүгінгі таңда қандай кәсіп түрлері трендте екенін және болашақта бәсекеге қабілетті маман болу үшін өзіндік дағдыларды қалай дамыту керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Қорыта айтқанда, кәсіби бағдар – бұл тек ақпарат беру ғана емес, бұл – болашаққа салынған сенімді көпір. Әрбір жас өз орнын тауып, сүйікті ісімен айналысса, еліміздің экономикасы мен ғылымы да қарқынды дамитыны сөзсіз. Өз жолын дұрыс таңдаған маман ғана еңбектен ләззат алып, қоғамға зор пайда әкеле алады. Болашақтың іргетасы бүгінгі саналы таңдаудан басталады!

Jsk ақпараттық агенттігі

 

Автор: jsk.kz