• 3 декабря, 2024 1:49 пп

ҚЫЗМЕТТЕН ТЫС ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗІМЕН АЙНАЛЫСҚАН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА 1,8 МЛН.ТЕҢГЕ  АЙЫППҰЛ  САЛЫНАДЫ 

Автор:admin

Апр 14, 2021

 

Бұл туралы бүгін брифинг барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістерді баяндаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басышысының  бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатында мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өздеріне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны не белгіленген қаржыландыру көздерінен басқа материалдық игіліктер мен артықшылықтар қабылдағаны үшін  осы ұйымдардың басшыларына 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн.теңге көлемінде айыппұл салу көзделгендігі айтылды.
Сондай-ақ, заңды тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің аясында лауазымды тұлғаларға материалдық сыйақыны заңсыз бергені үшін сыбайлас жемқорлық бойынша жазалануы мүмкін екендігі және ол бойынша  750 — ден 1500 АЕК-ке дейін айыппұл сомасын өтеуі тиіс болатыны  баяндалды.
Өз кезегінде Мирас Асқарбайұлы сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі базалық халықаралық стандарт болып табылатынын және осы бағыттағы жұмыс нәтижелері Қазақстанды ЭЫДҰ және ГРЕКО сарапшыларының бағалауы аясында болатынын атап өтіп,  биыл күзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық жүйесінің жоғары еуропалық стандарттарға сәйкестігін бағалау мақсатында Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) сарапшыларының елімізге алғашқы сапары жоспарланып отырғанын жеткізді.
Баспасөз конференциясының соңында әкімшілік заңнамадағы жаңа құзыретке сәйкес, бұдан былай Агенттік кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан толықтай  қорғауға уәкілетті екендігі атап өтілді.

Автор: admin