• Сб. Окт 1st, 2022

ШЫМКЕНТ: № 1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАДА ҚҰНЫ 1 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚҰРЫЛҒЫ ОРНАТЫЛДЫ

Автор:admin

Сен 7, 2022

Тәуелсіз­дігіміздің 30 жылы ішін­де Қазақ­станда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, ерекше жетіс­тіктерге қол жеткізді. Бұл айтыл­ған­дардың жалаң сөз емес екен­дігін дәлелдеу үшін нақты дерек­терге кезек беріп көрейік. Тәуел­сіздік жылдарында Қазақстан­да мемлекеттік бюджет есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 8 медици­налық ғы­лыми орталық, 32 маман­дан­ды­рыл­ған медициналық орта­лық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және қан орталығы сияқты 45 мамандандырылған ден­сау­лық сақтау орталықтары бар. Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген ме­ди­­­ци­налық кластер қатарында Ұлт­­тық ана мен бала ғылыми орта­лы­ғын, Республикалық балалар­ды оңалту орталығын, Рес­пуб­ликалық диагностикалық орта­лық­ты, Ұлт­тық нейрохирур­гия орталығын, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығын, Ұлттық кардио­хирургиялық ғы­лыми орталы­ғын ерекше атап өткен жөн. Бұл орта­лықтар бүгінгі меди­цина­­ның ең озық үлгідегі тех­ноло­гия­лық құралдарымен жаб­дық­талып, әлемдік дәрежедегі жо­ғары сапалы медициналық қыз­мет көрсетеді. Қазір бұл заманауи меди­циналық орталық­тарда шет­елдерден келген белгілі ме­ди­ци­на мамандарымен бірге ден­сау­лық сақтау саласының әлем­дік жетіс­тіктерін меңгерген қазақ­стан­­дық білікті мамандар еңбек етеді. Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық  ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы диагностикалық тексерулерді өткізе отырып, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты.  Ота жасау бөлмесінің салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов қатысты.  М.Әйтенов қалада денсаулық саласын дамыту жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты.  Қаламызда соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды. Медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін,- деді.  Мұнда бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсулть алған науқастарға жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 млрд.теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады.  Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.

 

Jsk ақпарат