• Пт. Ноя 20th, 2026

Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді

Автор:jsk.kz

Ноя 20, 2026

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 193 елдің ішінде 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары VH рейтингілік тобына енді. Бұл топқа электрондық үкіметі барынша дамыған 21 мемлекет кіреді. Енді Қазақстан Корея Республикасы, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ сияқты елдермен бір қатарда тұр. 2026 жылы VH тобына алғаш рет үш мемлекет – Қазақстан, Ирландия және Польша енді.

Соңғы екі жылда Қазақстан рейтингте сегіз сатыға жоғарылап, 2024 жылы өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапонияны басып озды. Қазақстанның индекс көрсеткіші 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675. БҰҰ баяндамасында Қазақстанның бұл нәтижесі рейтинг көшбасшылары арасындағы ең елеулі өсімдердің бірі ретінде аталған. Сонымен қатар цифрлық мемлекет құрудың танылған үлгісі саналатын Эстониямен арадағы алшақтық екі жыл ішінде төрт есе қысқарған.

2. Өңірдегі бірінші орын және табыс деңгейі орташа елдер арасындағы жалғыз көшбасшы

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орынды сақтап отыр. Әлемдік рейтингте Өзбекстан – 32-орында, Әзербайжан – 38-орында, Ресей – 50-орында.

БҰҰ баяндамасында Орталық Азия 2026 жылғы басты табыс тарихтарының бірі ретінде аталып, өңірдің Қазақстанның нәтижесінде алғаш рет көшбасшы елдер тобына енгені көрсетілген.

Қазақстан – ең жоғары VH рейтингілік тобындағы жалғыз мемлекет әрі табыс деңгейі жоғары елдер тобына жатпайтын жалғыз ел. БҰҰ баяндамасында қолданылған жіктеуге сәйкес, Қазақстан табысы орташадан жоғары мемлекеттер қатарына жатады, ал осы топтағы қалған елдердің барлығы табысы жоғары мемлекеттер болып саналады.

Басқаша айтқанда, Қазақстан ресурстары әлдеқайда шектеулі бола тұра, әлемнің жетекші экономикалары деңгейіндегі цифрлық мемлекет қалыптастыра алды.

Автор: jsk.kz