• 25 апреля, 2024 4:32 пп

Ұлттық мүддеге негізделген таным мен түсінікті жеке ономастикалық бірліктер арқылы айшықтау

Автор:admin

Авг 11, 2022

Қазақ тіліндегі ономастикалық жүйе тілдік құрылым ретінде өзіне тән концептуалдық жүйеге де сәйкес келеді. Осындай сәйкестікке орай қоршаған болмысты ментальді түрде сипаттайтын ономастикалық концептілер «тіл-сана-ұлт» ауқымында жинақталған таным тәжірибесін мейлінше нақтылайды. Антропонимика (кісі аттары) – тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеуде құнды да бағалы мұра. Антропонимдер жүйесі адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мәселен, төрт түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Немесе қазақ халқының ұлттық әдеті бойынша жас келіндер күйеуінің жақын туыстарының, ата-енесінің аттарын атамайтын. Сөйтіп жас келін күйеуінің ағасын, інісін я қарындасын тура атымен атай алмай, жанама ат қойып алатын. Атап айтқанда, қайын сіңлілерін — шырайлым, бикеш, бойжеткен, әке қыз, еркем, ержеткен, ерке қыз, ал ер адамдарды төрем, шырақ, мырза жігіт, молда жігіт т.б. деп атайды. Қазіргі қазақ тіліндегі антропонимдерді тарихи-этномәдени, әлеуметтік тұрғыдан анықтап зерттеу олардың тамырының көне түркі (қыпшақ) кезеңімен сабақтасып қана қоймай, түркі тілдерінің басқа халықтарымен мәдени-тарихи байланысын, қарым-қатынасын да деректейді. Сондықтан белгілі ономаст-ғалым В.А.Никонов антропонимика саласының негізгі міндеттерін кезінде былай деп анықтаған: «Антропонимика бағалы ақпарат көзі ретінде қызмет етеді, ол бұрынғы этникалық құрам мен халықтың өткендегі көші-қоның анықтауға көмектесе отыра, нақты кезеңді ажыратуға, жазба ескерткіштердің орның белгілеуге өз септігін тигізеді. Антропонимика тілде ерекше бір жүйені құрайды, оны түсіну үшін тек лингвистика әдістері дәрменсіз, сондықтан оны этнографиямен, тарихпен, әлеуметтану, құқық заңдылықтарымен бірлікте зерттеу керек». В.Гумбольдттың концепцияларын басшылыққа ала отырып, оны одан әрі дамытқан американдық ғалым Э.Сепирдың мына пікірі: «тіл — әлеуметтік шындықты түсіндірудің құралы. Адамдар белгілі мөлшерде, өз тілінің ықпалында болады. Тіл — мінез-құлық нормасына да әсер етеді, халықтың мәдени дәрежесін, оның тілін зерттемей тұрып түсіну мүмкін емес. Тіл — әлеуметтік шындықты түсіндірудің жетекші құралы» дегенге саяды. Бұл мәселе өткен ғасырдың ІІ жартысында орыс ғалымдары Н.Буслаев, А.Н.Афанасьевтердің еңбектерінде алғашқы рет сөз болды. Олар тіл ерекшеліктерін пайдалана отырып, орыс халқындағы табиғи құбылыстарға байланысты пайда болған әртүрлі наным-сенімдерді зерттеу негізінде көптеген мифтеріне талдау жасады.

Jsk ақпарат

Автор: admin