• 27 апреля, 2024 3:14 дп

Мысалы, Қазанда 1905 жылы жарық көрген В.К.Магницкийдің «Чувашские языческие имена» кітабында, академик К.Мусаевтың көрсетуінше, 10587 ер адамның аты (фонетикалық варианттарымен қоса) берілген. Осыған байланысты тіл мен мәдениетті біріктіріп қарастыратын сала – лингвомәдениеттану (лингвокультурология) деп аталады. В.Воробьев лингвомәдениеттануға мынандай ғылыми анықтама береді: «Лингвомәдениеттану – бұл кешенді ғылыми пән, мәдениет пен тілдің өзара байланысы мен өзара іс-қимылын зерттей отырып, оның қалай жұмыс істейтінің көрсететін үрдіс. Бұл үрдіс оларды тілдік және тілдік емес (мәдени) мазмұн ретінде бірлікте қарастыра отырып, жүйелік әдістер көмегімен заман талабына сай бағдарланған қазіргі басымдықтар мен мәдени белгілеулерді (нормалар жүйесі және жалпы адамзаттық құндылықтар) біріктіруші құрылым». Ғалым В.А.Маслова бұл пәнді халық мәдениетін танытушы ғылым деп санап, былайша анықтайды: «Лингвомәдениеттану — лингвистика мен мәдениеттану тоғысында пайда болған, және тілде көрініс тауып, тілге бекіген халықтың мәдениет көріністерін зерттейтін ғылым». «Теория и методика ономастических исследований» атты ұжымдық монографияда мәдениет пен ономастикалық байланыс былай деп атап көрсетіледі: «Біз талдап өткен материал негізінде белгілі болғандай, ономастикада мәдениет өзінің жан-жақты көрінісі арқылы бейнеленеді, алайда ол әр түрлі жолмен беріліп отырады. Бір жағынан алып қарағанда, есімдер тілде ғана жасалады, осы тұрғыдан алғанда олар үшін ең бірінші және басты нәрсе – рухани мәдениет. Басқа бір жағынан қарастырғанда, жалқы есімдер сөз ретінде тек қана рухани емес, сондай-ақ материалдық мәдениеттің кез-келген фактілеріне мән береді». Кез келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік заңдылықтарына сүйеніп қана қоймай, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына назар сала қарау лингвомәдениеттану пәнінің үлесіне тимек. Ал лингвомәдениеттану латының Linqua – тіл, Cultura – мәдениет, Logos – ілім деген терминдердің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болған, халық мәдениетінің тілдегі әсерін зерттейтін сала. Тіл ғылымында лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттанудың, соның ішінде антропонимдерге қатысты жағын ортақтастыратын жаңа ғылым. Сонымен, лингвомәдениеттану — ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этникалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, руханилық, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізуді зерттейтін тіл білімінің бағыты. Лингвомәдениеттанудың ең негізгі мақсаты – ұлттық болмыстың тілдегі көріністерін, тіл фактілері мен халықтық танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады. Лингвомәдениеттану пәнінің зерттеу деректері мен дәйектері ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі әдебиетте, фольклорда т.б. Қазақ тіл білімде лингвомәдениеттану ғылымы пәніне қатысты деректер Ш.Уәлиханов, М.Әуезов еңбектерінен бастап, Ә.Марғұлан, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жұбанов, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, А.Жылқыбаева, Қ.Рысбергенова т.б. ғалымдар еңбектерінде көрсетіледі.

Jsk ақпарат

Автор: admin