• 19 марта, 2024 6:19 дп

Қарапайым ғана сұрақ, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы не дейді?

Автор:admin

Июл 22, 2022

Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл құжат – сауатты түсіндіруі жағынан ғылымды талап ететін, сонымен қатар саяси, әлеуметтік және экономикалық сараптаманы қажет ететін,  ауқымы жағынан өте көлемді құжат. Стратегияның мазмұнын жеңіл қабылдап, оңай түсіну үшін бөліп қарастыру, яғни дедукциядан индукцияға қарай жүру қажет. Құжатты 3 тарауға: бірінші – бүгінгі күнге дейінгі атқарылған шаралардың есебі (қол жеткізген жетістіктер, жіберілген кемшіліктер), екінші – ескерту, абай болу, төнетін қауіп-қатер, ескеру керек мәселелер, үшінші – алға қойылған мақсат-міндеттер, жоспар деп бөліп қабылдау қажет. Бірінші тараудағы «Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы» атты тақырыбының өзі үлкен 8 бөлімнен тұрады. Сіз бен біздің күнделікті жаңалықтардан естіп-көріп жүрген мемлекеттің атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесін жинақтай келе, Қазақстан-2030 Стратегиясының негізгі қорытындылары шығарылды. Байқайсыз ба? Егер тек бірінші тараудың айналасында ғана әңгіме қозғасақ, онда үлкен том жазып шығуға тура келеді. Сондықтан, еліміздегі өзгерістер мен жасалып жатқан жұмыстар, қолға алынған реформалардың жүзеге асуы көз алдымызда болып жатқандықтан, бұл тақырыпқа тоқталмауды жөн санап отырмын. Екінші тараудағы  ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері жайлы халыққа алдағы уақытта қандай қауіптің болатындығын, неден сақтану керектігін, қай нәрседе абай болып, нені үнемі есте ұстау қажеттігін ескертеді. Олар: Бірінші – тарихи уақыттың жеделдеуі, екінші – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, үшінші – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, төртінші – судың тым тапшылығы, бесінші – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, алтыншы – табиғи ресурстардың сарқылуы, жетінші – Үшінші индустриялық революция, сегізінші – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, тоғызыншы – өркениетіміз  құндылықтарының дағдарысы, оныншы  – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі. Енді осы аталғандардың біршамасына рет-ретімен тоқталып көрейік. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі. Түсінген адамға Президент күннің тез айналуы, таң атса күн бататындығы туралы еске салып тұрған жоқ. Мәселе тіпті басқада. Көз ілеспес жылдамдықпен уақыттың сырғуына сөз жоқ, келісеміз. Кеше ғана тәуелсіздігімізді жариялаған мемлекет едік, 30 жылдан астам уақыттың қалай өткенін шынында да байқамай қалыппыз. Кеше ғана Бас қала – Астананы көшіргенбіз. Бүгін оған да – 24 жыл болыпты. Енді түсініктілеу болу үшін мынадай мысалдар келтіріп көрейік: осыдан 1-2 жыл бұрын қолыңыздағы қалта телефоныңыздың соңғы үлгісі — Samsung GALAXY S 3 немесе смартфон APPLE iPhone 2 болды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта осы смартфондардың неше түрлі соңғы үлгілері шығып, алдыңғылары ескіріп қалды. Компьютер, ноутбук, планшет сияқты тізбелей берсек техниканың сан алуан түрі дәл қазіргі уақытта ешкімге таңсық емес. Алайда, уақытында игермеген білім мен техника, уақытында  естімеген жаңалық – жаңалық емес. Кешегі жаңалық – бүгінгі ескі, бүгінгі жаңалық – ертең үшін ескі. Егер де дамыған 30 елдің қатарына қосыламын десең, онда әр нәрсені өз уақытында жасау керек, қажетті білім мен ақпаратты сол мезетте алу керек. Әйтпесе кеш қаласың. Президенттің айтпағы да осы.

Jsk ақпарат

Автор: admin