• 6 мая, 2024 4:26 дп

Шымкент қаласы: «Сәуле» шағынауданында атқарылған жұмыстар

Автор:admin

Ноя 10, 2023

«Сәуле» шағынауданы 276 орамда жарық және су жүйелерінің жағдайымен Шымкент қаласы әкімдігінің салға жауапты басшылығы танысып шыққан болатын. Сәуле шағынауданы 276 орамға жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер телімі берілген. Бүгінгі таңда 350 тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Халық саны – 526 адам. Аталған аумақты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін демеушілер тарапынан ағымдағы жылы 350 метрге жуық су құбырының қазба жұмыстары жүргізіліп, сапалы ауыз су жүйесі тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. 2023 жылдың 10 ойлық қорытындысына сәйкес 276 орамды электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы160 кВт көтеретін трансформатор орнатылып, 150-ге жуық жеке тұрғын үйлер электр қуатымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 276 орамды толықтай ауыз сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме «Агат» ЖШС-мен 532,5 млн. теңгеге келісімшарт түзілген. Құрылыс жұмыстары осы жылдың маусым айында басталып, қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Электр жарығымен толық қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, қазіргі таңда жеңімпаз мердігер мекеме «Ақсемсер-стройсервис» ЖШС-мен 982,4 млн теңгеге келісімшарт түзілді. Аталған жұмыстар 2024 жылдың І тоқсанында аяқталады. Сәуле шағынауданы 276 орамды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан ЖСҚ дайындалып, қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім енгізілген. 276 орам 2024 жылы толық табиғи газбен қамтылатын болады. Сонымен қатар, топырақ жолдардың санын азайту мақсатында өткен жылы 4,9 шақырым жолға (4 көше) шағал тас төселді. Аталған көшелерге 2024 жылы асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімдігінің тиісті басшылығы 276 орам тұрғындарымен кездесуде жасалып жатқан жұмыстардың сапасын тексеру мен қадағалау барысында белсенділік танытуларын өтінді. Шымкент қаласының 2021-2025 жылдар аралығында даму жоспары бекітілген. Жол картасында бес айқын бағыттың бірі ретінде қала аумағын инжинерлік-инфрақұрылыммен қамтылуы көрсетілген. Яғни, ауыз су, электр жарығы және табиғи газ, кәріз жүйесі, сарқынды суды тазалап, кәдеге жарату, тозығы жеткен жылу жүйелерін қалпына келтіру секілді жұмыстар қаралған. Осының негізінде 12 индекатор бекітілген. Атап айтқанда, 2023 жылдың жоспары бойынша ауыз сумен қамтуды – 99 пайызға, сапалы электрмен қамтуды – 100 пайызға, кәріз желісін – 65 пайызға, табиғи газбен қамтуды – 96 пайызға жеткізу, ал, жылу желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға төмендету мақсаты тұр.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin