• 19 мая, 2024 2:10 дп

Шымкент қаласының щалғай аудандары 2025 жылы толық сапалы электр көзіне қосылады

Автор:admin

Ноя 15, 2023

Ермек Асыловтың ағайынға қосылуды мақсат етіп, атамекенге қоныс аударған. Бастапқыда аздап жинаған ақшасына Шымкенттің іргесінен жер учаскесін сатып алып, шағын үй салыпты. Сол жылдары ол маңайда үй салғандардың қатары тіптен аз еді. Ал бүгінде тұрғыны көп шағын ауданға айналған. – Көше жоқ еді. Үлкен жолға шығу үшін даланы төтесінен кесіп өте салатынбыз. Инфрақұрылым туралы айтудың өзі артық. Тым құрығанда жарық та болмады. Бірнеше жыл тас қараңғыда отырдық. Суды жаяу-жалпылап төменгі ауылға түсіп, ыдыспен таситынбыз. Қыста қар кешіп, күн жауында аяғымыз батпаққа малынып, жаздың шуақты күндеріне әрең жететінбіз. Сәл қырға көтерілсең қазіргі 16 қабатты әкімдік ғимараты орналасқан қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы көрінер еді. Бұл аймаққа инфрақұрылым жүйелерінің қашан тартылатыны белгісіз еді. Бертініректе бұл жерге біртіндеп сервистік қызмет көрсету, басқа да кәсіпорындар мен олардың зәулім кеңселері салына бастады. Солармен қосылып жеке сектордағы үйлер құрылысы артып, жекеменшік инженерлік инфрақұрылымдар пайда болды. Айналасы үш-төрт жылда жаңа үйлер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, кешегі айдала жер кәдімгі тіршілігі қыбырлаған елді мекенге айналып шыға келді. Бірақ инфрақұрылым жүйелері кешегі күнге дейін толық жекенің қолында болды. Газға немесе жарыққа қосылу үшін үй салған отбасылар бірталай қаражат төлейтін, – дейді сол күндерді еске алған Ермек асылов мырза. Иә, Тассай – қаланың жаңа орталығына жақын шағын аудан. Бүгінде бұл аймақта мемлекеттік бюджет есебінен сапалы электр энергиясы тартылды. Әлі толық қосылмаса да қуаттылық ережелеріне сай газ бен су құбырлары жүргізілді. Сонымен бірге кәріз жүйесін орнату жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Жер астынан оптикалық кабель де өткізілді. Негізгі көшесіне асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылды. Дегенмен шағын ауданның ішкі көшелері әлі де асфальт, тіпті шағал тас төселмеген күйі қалып тұр. Ендігі кезекте тұрғындар коммуналдық газға тезірек қосылуды асыға күтіп жүр. Жалпы, Шымкенттің шеткі аудандарындағы жағдай осындай. Урбанизация үдерісінің екпінімен қалаға ағылған жұрт алғашқыда көп қиындықты бастан өткерді. Инфрақұрылымы бармаған жерге үй салған халық әкімдікке жиі шағымданды. Бұған, әрине, әкімдікті кінәлауға болмас. Өйткені сол тұста қаланы тұтас дамытып жіберетін ресурс болған жоқ, тіпті болған күнде бір пәсте атқарып тастау мүмкін емес. Қала шетіндегі Асар-2 шағын ауданы да көптен бері коммуналдық инфрақұрылым жағынан қиындық көріп келді. Ауыз су, жол, газ, электр қуатының проблемасы жергілікті тұрғындарды әбден шаршатқан-ды. Мегаполисті дамытудың жоспарына сәйкес былтыр аталған шағын ауданға көптен күткен ауыз су берілді. Осы мақсатты іске асыруға мемлекет қазынасынан 1,5 млрд теңге қаржы қаралды. Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов мегаполис шалғайында жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту Amanat партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтады. Бағдарлама аясында биыл Асар-2 шағын ауданының басқа да инженерлік-инфрақұрылым мәселелері шешімін тапты. Соның ішінде қалаға қатынайтын қоғамдық көліктерді атап өтуге болады. Бұдан бөлек «Монолит – Дизайн-2030» мердігер компаниясы кәріз жүйесінің құрылысын жүргізуде.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin