• 19 мая, 2024 12:17 дп

Шымкент билігі алдымен инфрақұрылым мәселесін басты назарға алған

Автор:admin

Ноя 15, 2023

Жалпы, қалада 81 елді мекен болса, соның 41-і кезінде Түркістан облысының аудандарынан мегаполиске өткен ауылдар. Қала әкімдігі алдымен инфрақұрылым мәселесін түбегейлі шешіп алудың қамына кірісіп, магистралды газ, су құбырлары тартылды. Бұрын көп кәсіпорын газ қуатының тапшылығынан зардап шегетін. Көптеген жеке сектордағы үйлер табиғи газға қосылу бойынша жарияланған мораторийдің салдарынан «көгілдір отынға» қосыла алмай келді. Жаңадан пайдалануға берілген АГРС-3 газ тарату стансасының септігімен мегаполис бойынша «көгілдір отын» қуаттылығы артып, мораторийлік шектеу алынып тасталды. Жоғарыда аталған Асар-2 шағын ауданының тұрғындары да осы станса арқылы тарайтын табиғи газдың игілігін көріп отыр. АГРС-3-тің қуаттылығы 250 мың текше метрді құрайды. Бұрынғы ескі станса 180 мың текше метр газ тарататын. Ол қуаттылық қаланы газбен жабдықтауға толық жетпейтін. Жаңа стансаның мүмкіндігі қаланың сұранысынан да артып отыр. Сондықтан АГРС-3-тің салынуы жалпы мегаполистің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Жоспарға сәйкес Көмешбұлақ су көзінен 25 шақырымдық магистралды су құбыры тартылды. Қаланың солтүстік, солтүстік-батыс бөлігіндегі Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Батыс, Жаңаталап, Көкбұлақ, Игілік секілді елді мекендер осы магистралды құбыр арқылы таза әрі сапалы ауыз су ішіп отыр. Сондай-ақ «Бозарық 220/110/10 КВ» қосалқы стансасы мен 110 кв қоректендіру желісі бар «1-М-1» қосалқы стансасы іске қосылды. Аталған нысандар қала шетіндегі шағын аудандарды электр жарығымен қамтамасыз етуге толық жетеді. Соның нәтижесінде, 250 мың халық тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен жабдықталды. Қала әкімдігі 2023 жылы үшінші мегаполисте ауыз сумен қамту көрсеткішін жүз пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда қалаға қарасты 81 елді мекеннің 78-інде ауыз су болса, қалған 3 ауылға Құрсай, Қайнарбұлақ, Сайрам тұрғын алаптарына кестемен беріліп отыр. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай (1,2 кезең), Асар-2 (2 кезең), Нұртас ВС, Текесу елді мекені, Еңбекші ауданына қарасты жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ ауылы. Ал Сайрам елді мекенінде құрылыс жұмысын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілген-ді. Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның құрылысы аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Осылайша, Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту ісі қарқынды жалғасуда. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін инженерлік құрылыс 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы жоғарыда айтылғандай, 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin