• 4 мая, 2024 5:37 дп

Шымкент қаласының Абай ауданында қандай тындырымды тірліктер атқарылды

Автор:admin

Ноя 3, 2023

Күздің соңғы айы. Жыл соңы да таяп қалды. Ал, тіршілігі қайнаған Шымкент қаласының тұрғындарына жергілікті билік тарапынан қандай қолайлы ортаны қалыптастырғаны жайында аудан әкімдері атқарған жұмыстары жайында есеп беруде. Кезекті баспасөз алаңына Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов аумақтағы жасалған жобалар мен тындырылған тірліктердің барысын баяндап берді. Ауыз су, жарық, газ 2024 жылы толық шешімін табады. Абай ауданының аумағы – 24 мың гектар. Қазір аудандағы 27 шағынаудан мен елді мекенде 257,7 мың тұрғын бар. Бұл аумақтарда 205 көпқабатты үй, 1274 көше, 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Осы елді мекендердің 26-сы сапалы ауыз сумен, 25-і электр жарығымен және 23-і табиғи газбен қамтылған. Б.Пармановтың айтуынша, шалғай орналасқан аумақтарға инфрақұрылым тарту құрылысы жылдан-жылға жанданып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалып келеді. –Ауыз суы кезекпен берілетін Қайнарбұлақ тұрғын алабының жаңақұрылыс аумағына құбыр тарту бойынша құрылыс жұмысы 2022 жылы басталып, қазір жұмыстың 95 пайызы орындалды. Осы жылдың соңына дейін ауыз су толық пайдалануға беріледі. Аудандағы Асар-2 шағынауданы халқының 30 пайызы жарықты жекеменшік трансформатордан алып отыр. Қазір бұл аумаққа мердігер мекеме «Электромонтаж» ЖШС тарапынан желі жүргізіліп жатыр. Жұмыстың аяқталуы 2024 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған. Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр желісін тарту жұмысы аяқталып, бүгінде жеке сектордағы үйлерге жаңа жүйені қосу жұмысы жүргізілуде. Табиғи газбен қамтылмаған Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайында биыл құбыр тарту құрылысының алғашқы кезеңі атқарылды. Алдағы 2024 жылы жүргізілетін құрылыстың екінші кезеңіне бюджеттік өтінім беріліп, тиісті қаржы бөлінді. Келер жылы екі елді мекен де көгілдір отынның игілігін көреді,– деді аудан әкімі. Ынтымақ-2 шағынауданы мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында да 2024 жылы газ құбырын тарту құрылысы қызу жүргізілмек. Бұхарбай Рысқұлұлы Ынтымақ -2-де қазір құрылыстың 17 пайызы орындалып қойғанын айтты. –Ал, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына табиғи газ жеткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Алдағы жыл ауданымызда табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді, – деді Б.Рысқұлұлы.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin