• 6 мая, 2024 3:15 дп

Шымкенттің шалғай елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету шаралары жалғасуда

Автор:admin

Ноя 10, 2023

  Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Цифрландыру дегеніміз Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат. Осы орайда Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарларына сәйкес Шымкент қаласының шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Салаға жауапты басқарма тарапынан 2024 жылы қалада бірқатар ірі жобаларды іске асыру, оң нәтижелерге қол жеткізуде нақты міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, басқарма тарапынан биыл қала аумағын мобильді интернет желісімен және сапалы байланыс арнасымен қамту үлесін 95 %, шалғай елді мекендерді талшықты оптикалық желімен қамту үлесін 75 %, қаладағы қоғамдық орындарды wi-fi желісімен қамту көрсеткішін 100 %-ға жеткізу, қала тұрғындарының цифрлық сауаттылық деңгейін одан әрі арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларының санын ұлғайту, ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласында жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарда. Қазіргі таңда мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы төмен 11 елді мекеннің координатасы келісіліп, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жер телімдері анықталғаннан кейін жеке инвесторларға аукцион арқылы ұсынылатын болады. Тиісті жұмыстар атқарылса 106 000-ға жуық қала тұрғыны сапалы мобильді интернетпен қамтылады. Одан бөлек, 15 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жоспарға енгізілді. Қазіргі таңда елді мекендерді оптика желісімен қамтуға қажетті құрал-жабдықтар алынуда. Тиісті жұмыстар атқарылса 134 620 қала тұрғынына сапалы интернет қол жетімді болады. Шалғайдағы елді мекендердегі мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілді. Бүгінде жеке инвесторға Асар-2 шағынауданы маңынан жер телімін аукцион арқылы беру жұмыстары қолға алынды. Асар-2 елді мекені маңына базалық станция орнатылса, мектептердегі сапалы интернетпен қамту мәселесі шешімін табады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin