• 20 мая, 2024 12:11 дп

ШЫМКЕНТТЕГІ 276-ОРАМ ТҰРҒЫНДАРЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Автор:admin

Окт 13, 2023

Шымкенттегі Сәуле шағынауданы, 276-орам тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары аяқталды. Мұнда 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туды. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталып, жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып келген тұрғындар мәселесі шешімін тапты. Енді олар 1 кВт электр энергиясы үшін бұрынғыдай 28 тг емес, 16-17 тг төлейтін болады. Осындай ізгі іске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев пен Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері куә болды. Ал, халық жүрекжарды лебіздерін жолдап, алғыс айтты. Жалпы 276-орамды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы 276 орамды электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт көтеретін трансформатор орнатылып, 150-ге жуық жеке тұрғын үйлер электр қуатымен қамтамасыз етілген еді. Ауыз сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме «Агат» ЖШС-мен 532,5 млн. теңгеге келісімшарт түзілген. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың маусым айында басталып, қараша айында су құбырларын тарту аяқталған. Ал биыл табиғи газ жеткізуде 28 шақырымдық құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, топырақ жолдардың санын азайту мақсатында 2020 жылы 4,9 шақырым жолға (4 көше) шағал тас төселді. Аталған көшелерге 2024 жылы асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Тілге тиек етейік, Сәуле шағынауданы 276 орамға жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер телімі берілген. Бүгінгі таңда 350 тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Халық саны – 526 адам. 2023 жылдың 9 айының  қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын өндіру 31 млрд кВт·сағ құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 0,9% артық. Бұл ретте электр энергиясын тұтыну 30,9 млрд кВт·сағ-қа жетті (бір жылда 1,4% өсті).

Жалпы, елімізде электр қуатының тапшылығы бар, бұл энергетика саласын осал етеді. Мәселен, биыл қаңтар айында елімізде электр энергиясының тапшылығы 4,2 млн кВт·сағ құраса, ақпанда 23,3 млн кВт·сағ құрады. 2022 жылы тапшылық сегіз ай бойы байқалды. Бірақ бұл бүкіл елге қатысты емес. Өңірлер бойынша, мысалы, оңтүстік аймақта электр қуатының тапшылығы бір жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді және бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіруде. 2023 жылдың наурыз айында ғана үшінші шаһарда өндіріс тұтынудың 57,2%-ын ғана жапты — тапшылық 971,0 млн кВт·сағ құрады. Бұл қажеттілік еліміздің басқа өңірлерінен келетін электр энергиясы есебінен өтеледі.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin