• 28 марта, 2024 6:34 пп

ТҮРКІСТАНҒА АСТАНАДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН ТЕАТРЫ ГАСТРОЛЬДІК САПАРМЕН КЕЛДІ

Автор:admin

Июн 5, 2023

 

Бүгін Түркістанда Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының «Астанадан киелі Түркістанға сәлем» атты гастрольдік сапары басталды. Елордалық театрдың өнер сапары 10 маусымға дейін жалғасады.

Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде аталған театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров пен театр актерлерінің қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында алғаш болып сөз алған театр директоры рухани астанаға жасаған сапардың мақсаты, сондай-ақ қаржылық пирамидаға тосқауыл қою және қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша өнер майталмандарының қосып жатқан үлесі туралы баяндады.

«Киелі Түркістан өлкесіне келген сапарымызда көрермен назарына Д.Исабековтың «Гауһартас», М.Омарованың «Шәмші», М.Булгаковтың «Өлі жандар», М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан», Қ.Мұраттың «Махаббат бар ма?» қойылымдарын ұсынатын боламыз. Сондай-ақ, сапарымыздың қорытынды күнінде «Сахна әлемі» деп аталатын концерт-қойылымы ұсынылады. Театрымызда бүгінде 70-ке жуық актер бар. Түркістанға келмес бұрын біз Қазақстанның батыс аймағын аралап, өнер көрсеттік. Біздің Түркістанға келуімізге Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті үлкен қолдау білдірді. Осы департаменттің ұйымдастыруымен бір ай бойы «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеу мен тұрақтылық кепілі» акциясы өтеді. Осыған орай, халық пен өнер ортасында көпір болып, халықты экономикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету, сауатты құқықтық кеңес беру, қарапайым халықтың қаржылық қауіпсіздігін және сауаттылығын арттыру, қаржылық пирамидалардың алдын алу мақсатында бағыт-бағдар бергіміз келеді. Бұл ретте, біз ұсынатын қойылымдарда халықты жаман әдеттерден сақ болуға үндейтін боямасыз өмірдің көріністері бар», — деді Асхат Максимұлы.

Спикердің айтуынша, осы сапар барысында Түркістан қаласындағы театрлармен әріптестік байланысты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылады.

Брифингте театр актрисасы Инабат Ризабекова гастрольдік сапар аясында театр ұжымының өңірдегі университет студенттерімен, Түркістан облысы ақсақалдар кеңесімен, белсенді жастармен, қоғамдық бірлестіктер және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, театр актері Игілік Оразалы акция аясында көрерменге рухани күш-қуат бере алсақ, бұл — театр ұжымының бір миссиясының орындалғаны екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, театр актері Нұржан Тыныбек Түркістан қаласына келгендегі сапардың сәтті басталғандығын баяндады.

«Бүгін Түркістан музыкалық драма театрында алғашқы қойылымымызды сахналаймыз. Біздің қойылымдардың ерекшелігі — аға буын да, орта және жас буын да қатар отырып тамашалай алады. Қойылымдарымыздан шынайы сезім, махаббат, қазақы әзіл, қалжың мен жат қылықтардан аулақ болу секілді түрлі көріністерді көре аласыздар. Мұның барлығы көрерменнің санасына да, жүрегіне де әсер етері анық. Жерлестерімді, яғни Түркістан жұртын біздің ұжымның қызықты қойылымдарын тамашалауға шақырамын», — деді жас актер.

 

Автор: admin