• Пн. Окт 3rd, 2022

ШЫМКЕНТ: «INTELLECT» ЛИЦЕЙІНДЕ «ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ» АТТЫ ДЕФИЛЕ ӨТТІ

Автор:admin

Май 27, 2022

Шымкент қаласындағы «Intellect» физика-математикалық лицейінде «Балалар жылы»-на орай «Әсемдік әлемі» атты дефиле өтті. Бұл іс-шарада оқушылардың қолөнер және тігін саласындағы еңбектері кеңінен насихатталды.  Аталған кештің мақсаты – ұлттық киімдерді насихаттай отырып, оны күнделікті өмірде қолдана білу және сәнге айналдыруға сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, оларды еңбекке баулу. Дефиле барысында 10 спорттық киім үлгісі, 10 үлгіде мектеп формасы, еркін стильдегі киім үлгісі және ұлттық киімдер мен 12 үлгіде түрлі-түсті шапан көрсетілді. Оған қоса, қазақша оюымен «Intellect» лицейінің формасын шығарды.  Ерекше форматта ұйымдастырылған іс-шараға қалалық Білім басқармасының әдіскері Бекен Омарова, Қаратау ауданы әкімдігі Мәдениет бөлімінің әдіскері Айдана Ерімбетова және қаладағы мектеп директорлары мен ата-аналар, ұстаздар, оқушылар қатысты.  Шығармашылық кештің соңында сөз алған Бекен Құсайынқызы: «Балалардың қолынан шыққан тамаша дүниелерді көріп, ерекше қуанып отырмын. Мұндай іс-шараны көру – үлкен бақыт! Ақыл көпке жеткізсе, өнер көкке жеткізеді. Яғни, бүгін шәкірттер өз өнерлерімен ескірген дүниені жаңартты. Айналайындар, енді осыны дамытып, шарықтау шегіне жеткізу керек. Өйткені ұлттық киіміміз – біздің баға жетпес байлығымыз. Оның әрбір оюында өзіндік сыр жатыр. Осы орайда мектеп ұжымына шексіз алғысымды білдіргім келеді!» – деді қалалық Білім басқармасының әдіскері. Ал мектеп директоры Ерлан Құдайбергенов: «Қазір сіздердің алдарыңызда оқушылар жай киім үлгілерін көрсетіп өткен жоқ. Бұл – инесі мен матасын ұстап, көз майын тауысқан шәкірттеріміздің нәтижесі және ашылғанына әлі жыл толмаған білім ошағымыздың кішігірім жетістігі. Сол себепті қалалық Білім басқармасына және құрылтайшымызға, ұстаздар мен ата-аналарға, дарынды оқушылар және көркем еңбек пәні мұғалімі Ұлпан Әлішерқызына арнайы ризашылығымды білдіремін. Өнерлеріңіз өрістеп, шығармашылықтарыңыз шарықтай берсін!» – деді Ерлан Жұмағалиұлы.  Айта кетейік, келген қонақтарға қолөнер көрмесін 9 «а» сынып оқушысы Диана Чайбекова таныстырды. Ол жасалған бұйымдардың ерекшелігіне тоқталып, құрамын жан-жақты жеткізді. «Мына эпоксид смоласынан істелінген әшекей бұйымдар мен сәнді ыдыстарды 9 «а» сынып оқушысы Айша Ахметова жасаған. Бұл әшекейлерді жасау үшін өзінің арнайы қалпы силиконды молдқа смоланы 50/50 формада құйып, ішіне табиғи өсімдіктерден жасалған гербари салып, бетіне қайта смола құйып, 1 тәулік кептіру процесі арқылы істелінеді. Дәл осы технологиямен смолаға түрлі-түсті бояу қосу арқылы алуан түрлі өрнекті ыдыстарды да жасайды», – деді лицейдің өзін-өзі басқару ұйымының президенті. Оған қоса, ол тоқыма жіптен тоқылған оюлы жекеттер мен құрақ көрпешелерді, 8 «а» сынып оқушыларының қолмен тоқып шыққан мектеп эскизі және «9» сынып оқушылары жасаған киіз үй, ортаншы сыныптардың түрлі мақтадан жасаған гүлдері мен әшекей сөмкелерін көрсетті.

Jsk ақпарат