• 27 апреля, 2024 5:11 дп

Шымкент синтетикалық есірткеге қарсы кешенді іс-шараларды қабылдауда!

Автор:admin

Май 27, 2022

Синтетикалық есірткі дейтін дерт шықты. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын айтып, «синтетика» саудасының белең алып бара жатқанын ескертіп, дабыл қағуда. Ал сарапшылар әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тартып, жасырын зертханалардың «көрігін қыздырып» жүрген психикалық белсенді заттардың таралу жолдарын іздеп бас қатыруда. Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр. Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып алынады, төлем де онлайн жасалады. Кейіннен сатып алушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, барлық іс белгісіз ара қашықтықта жасалады. Шымкентте синтетикалық есірткілердің таралуының алдын алу және жолын кесу мәселесі бүгінде өзекті болып табылады. Себебі синтетикалық есірткілерді тарату және пайдалану көп жағдайда жастар арасында белең алған. Есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті қалыптастыру үшін ең алдымен мемлекеттік әлеуметтік саясат және орта, жоғары білім беру жүйесіндегі жастар арасындағы жұмысты күшейту қажет.  Балалар арасында жасанды есірткі айналымының алдын алу мен жолын кесу мақсатында Әл-Фараби ауданына қарасты мектептерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ №64  мектеп-гимназиясы мен «Низамхан» атындағы орта білім алу ордасында Әл-Фараби аудандық Прокуратура, аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері және құқық қорғау орган мамандарымен бірлесе синтетикалық есірткінің зияны мен адам өліміне алып келу фактілерін толық түсіндірді.

— Есірткі сатушылар жарнамасын мектеп қабырғасына немесе көзге тез түсетін басқа жерлерге жазып кетіп жатқанын көріп жүрміз. Оңай ақша жасау үшін мұндай құқық бұзушылықтарға көбіне кәмелетке толмаған жасөспірімдер барады. Құқық бұзушылық үстінде ұсталған жастар орны толмас өкінішке ұрынып, бас бостандығынан айырылып жатады,-деді құқық қорғау орган қызметкерлері.

Қазіргі таңда құзыретті органдар түрлі тексеріс, рейд жүргізіп, қылмыстың алдын алуда.

Jsk ақпарат

Автор: admin