• Сб. Окт 1st, 2022

Елімізде жанар-жағармай нарығында шикілік көп. Өнімдерді өндіру мен таратуда ашық бәсекелестік жоқ. Осылай деп сын айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағаны қолдан өсіретін осындай жағдайларды реттеуді тапсырды. Бұл орайда жергілікті қауымдастық өкілдерінің қандай ұсыныстары бар? Шымкенттегі жанар-жағармай бекеттеріндегі жағдай қалай? Қаладағы жанар-жағармай бекеттерінде қазір кезек байқалмайды.  Сұйытылған газ бағасының арзандауы әсіресе такси жүргізушілеріне қолайлы болып қалды. Темір тұлпар тізгініндегілер шығынымыз қазір екі есеге дейін азайды деп қуанып отыр. Енді қызметімізді де арзандатамыз дейді олар.

Жылдан-жылға бағасы бет қаратпай кеткен жанар-жағармай бағасы жарты жыл бойы қолдан реттеледі. Мемлекет басшысы жанар-жағармай өнімдерін саудалаудағы берекесіздіктің түп-тамыры өнімдердің бәсеке талаптарына сай бөлінбеуінен деді. Жергілікті қауымдастық төрағасы Қайыпбек Қамбаров  бұл ретте кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескеру қажет дейді. Себебі, нарыққа тікелей қатысы бар тұлғалар ғана жүйедегі кемшіліктерді, оны қалай түзетуді жақсы біледі. Көп жағдайда әділетсіздікке тап болатын  мұнай өнімдерін саудалайтын шағын және орта бизнес өкілдерін қолдайтын кез келді дейді ол.

Осы мақсатта Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен күрес бағыты бойынша жиналыс өткізілді. Аталған жиналысқа Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары М.Исахов, А.Сәттібаев, уәкілетті басқарма басшылары, Шымкент мұнай зауытының өкілдері, автожағармай құю бекеттерінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдері қатысты. Жиналыста Шымкент қаласындағы проблемалық мәселелер, Қазақстан Республикасы Президентінің көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет ету, оның ішінде жанар жағармайдың заңсыз шетелге шығару деректеріне жол бермеу мәселелері талқыланды. Баяндамамен Департамент басшысының орынбасары Р.Данаев, басқарма басшысының м.а. Д.Тұрғынбай, қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев, «Жанар жағармай қауымдастығының» төрағасы Қ.Қамбаров, автожағармай құю бекеттерінің өкілдері сөз сөйледі. Жиналыс қатысушылары проблемалық мәселелерді шешу бойынша тиісті ұсыныстарын, әлеуметтік наразылықтарға және жанар жағармайдың жетіспеушілігіне жол бермеу бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды жеткізді.

Jsk ақпарат