• Пн. Дек 5th, 2022

ШЫМКЕНТ: ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ГАЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 94,7 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК

Автор:admin

Окт 27, 2022

 

Бұл туралы қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшылары мәлімдеді. Жуырда Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбыры жеткізілді. Жауапты мамандардың мәліметінше, шаһарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жоспар бойынша 2023 жылы қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілсе, 2024-2025 жылдары газ және электр қуатымен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайыз болады.

– Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбырын жеткізу жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінге дейін 16,1 шақырым газ құбыры тартылып, жоспар толығымен орындалды. Қазіргі уақытта магистралды құбырға газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды, – деді басқарма басшысы Боранбай Болатбеков.

Айта кетейік, бүгінде мегаполис тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Жыл соңына дейін, Тұран, Ақтас-1, Ақтас-2, Нұртас, Батыс, Сәуле-276 орам, Ақжар және Арғымақ елді мекендеріне табиғи газ желісі жеткізіліп, көрсеткіш 94,7 пайызға жетеді деп күтілуде. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.

Jsk ақпарат