• 29 марта, 2024 3:28 пп

ШАЛҒАЙ АУДАНДАРҒА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

Автор:admin

Окт 27, 2022

 

Орталықтан алыс орналасқан елдімекен тұрғындары коммуналды қажеттіліктерге қол жеткізіп келеді. Жуырда Жаңаталап елдімекенінде шағын қосалқы станция іске қосылды. Мердігер мекеме құрылысты мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырып отыр.

– Бұл шағын қосалқы станцияның қуаттылығы – 4 мың киловатт. Мұндағы электр желілерін тарту жұмысы өткен жылдың тамыз айында бастаған болатынбыз. Жоспар бойынша биылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын, ал біз мерзімінен бұрын, қазан айында толық аяқтап отырмыз, – деді «Шымкентгаз» ЖШС директоры Жарас Момбаев.

Мұнда жалпы ұзындығы 42 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1 312 электр бағанасы, 21 электр трансформаторы орнатылды. Нәтижесінде, Жаңаталаптағы 1 361 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады. Қазіргі уақытта құжаттары дайын үйлерге «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Елдімекен тұрғындары бұған дейін жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып, оған 27-30 теңге аралығында төлем жасап келген екен. Ал мемлекеттік желідегі электр қуатының тарифі – 17,9 теңге.

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшыларының мәлімінше, шаһардағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электр энергиясымен қамтылған, қалған сегізінде электр қуаты сапасыз саналады. Олар: Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ және Солтүстік саяжай елді мекендері.

– Жылдың соңына дейін осы 6 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа желі пайдалануға беріледі. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде 22 мыңға жуық тұрғын сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, қаладағы электр жарығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызға жетеді. Ал Қайнарбұлақ пен Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтуға байланысты жобаның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Жалпы, 2023 жылы мегаполистегі барлық елді мекен сапалы электр қуатымен 100 пайыз қамтылады деген жоспар бар, – деді басқарма басшысы.

Жауапты мамандар Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қуат таратушы 6 қосалқы станция салуды көздер отыр. Олар – «Ынтымақ» (110/10 кВ), «Қызылсу» (220/110/10 кВ), «Жұлдыз» (220/110/10 кВ), «Тұран» (110/10 кВ), «Шымсити» (110/10 кВ) және «Ипподром» (110/10 кВ) станциялары.

Jsk ақпарат

Автор: admin