Азаматтық қоғамның дамуына арналған халықаралық «BARCAMP–2022» іс-шарасы үшінші мегаполистен басталып, күнгейдің табиғат аясында жалғасады. Алғаш рет қызықты форматта қолға алынып отырған 3 күндік іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен бөлек көрші Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінен үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік орган делегаттары мен қоғам белсенділері қатысуда. Қазіргі заман өлшемімен алғанда азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азат күннің алтын қазығы аста-төк қазба байлығы емес, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін түйсінер кез келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі.
Шымкенттегі «Азаматтық ресурстық орталық» алаңында еліміздің әр өңірінен келген және шетелдік үкіметтік ұйым өкілдері бас қосып, өзара танысты. Алғашқы сөзді алған Шымкент қалалық Азаматтық Альянс төрағасы Жұмағали Білісбеков қатысушыларды таныстырып өтті. Одан кейін көпшілікке «BARCAMP–2022» модераторлары мен іс-шараның жалпы бағдарламасы таныстырылып, шымкенттік және басқа қалалардағы үкіметтік емес ұйымдар өздері туралы баяндады.
– Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері болып табылатын үкіметтік емес ұйымдар болып, бірігіп, әрі қарай азаматтық қоғамды дамытуға қажет стратегиялық бағыттарды анықтау, қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар мен кеңестерді талқылау. Үш күндік ақылдасу барысында азаматтық қоғамды дамытуға қатысты пәрменді шаралар анықталады деп күтіп отырмыз. Пікірталас арқылы нақты қадамға келу – маңызды, – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің басқарма басшысы Жанаргүл Әлжанова.
Бұдан кейін іс-шараға қатысушылар Төлеби ауданына аттанады. Сонда екі күн бойы табиғат аясындағы тимбилдингте азаматтық қоғамды дамыту туралы талқыламақ. Басқосуға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Айгүл Қапбарова мен Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары мен ірі бизнес құрылымдардың өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Jsk ақпарат