• 13 октября, 2024 10:52 дп

ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕП ПАРЛАМЕНТІНІҢ КӨШБАСШЫЛАРЫ РЕКТОРМЕН КЕЗДЕСТІ.

Автор:admin

Май 27, 2022

Жақсы көшбасшы – бұл жан-жақты дамыған тұлға. Ол бос уақытын өзін-өзі жетілдіруге жұмсайды. Көпшілік алдында жақсы сөйлей біледі. Өз күшіне деген сенімділікті жоғалтпайды, эмоцияға берілмейді және төтенше жағдайларда тез шешім қабылдауды біледі.

Топ болып жұмыс істеу өте қиын, ал оны басқару одан да ауыр. Себебі, көшбасшы әр топ мүшесінің тілін тауып, оларға үнемі қолдау көрсетуі қажет. Басқалардың пікірі өзінікіне ұқсамаса да, оларды тыңдай білуі керек. Көшбасшы адамдарды бір мақсаттың төңірегінде біріктіріп, үлкен жетістіктерге жетуге итермелейді. Мұндай адамның мінезі мықты болады. Ол өмір қиындықтарынан қорықпайды және соңынан ерген адамдардың проблемаларын шешуге көмектеседі. Қазіргі қоғам бұл адамдарсыз өмір сүре алмайды. Өйткені, ең маңызды шешімдерді солар қабылдайды. Көшбасшылық – бұл адамның ішкі күшінің, өзіне деген сенімділігінің көрінісі. Менің ойымша көшбасшы болу үшін мынадай қасиеттер қажет: ынта, тіл тапқыштық, ұйымдастырушылық және талапкерлік. Осы мақсатта біздің республикалық үшінші мегаополисіміз тындырымды істерді әсіресе көшбасшыларды қолдау, тәрбиелеу ісінде ерекше назарға алып отыр.  Шымкент қаласының білім басқармасы әдістемелік орталығының «Балалар жылына» орай «Маңызды жобалар онкүндігі» жоспарына сәйкес, мектеп парламентінің президенттері Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызымен «Ректормен шәй» форматында емін-еркін сұхбаттасты. Гүлжан Дәулетбекқызы парламент көшбасшыларын өте жылы қарсы алып, ғасырға жуық тарихы бар ұстаздар ұстаханасы атанған ордалы оқу орнының тарихымен, жетістіктерімен, аталған оқу орнын бітірген белгілі тұлғалармен таныстырып өтті. Сонымен қатар, оқушылардың жаңа форматтағы білім беру жүйесі, білім саласындағы озық тәжірибелер, педагогикалық мамандықтар, студенттік парламент, өзінің өмір жолы туралы және басқа да түрлі сауалдарына татымды жауап берді. Сұхбат өте қызықты да, әсерлі өтті. Сонымен бірге, университеттің жастар саясаты бөлімінің басшысы Тасболат Бекдәулет балаларға университет ғимараттарын, заманауи үлгіде салынған 12 қабатты студенттер үйін аралатып, таныстырды. Кездесу соңында ректор мектеп парламентінің көшбасшыларына болашақтарына сәттілік тілеп, мотивацияға толы ақыл-кеңесін берді. Өз кезегінде балалар да ректорға поэзия оқып, күйден тарту тартты.

Jsk ақпарат

Автор: admin