Бүгінгі таңда смартфон – біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі, білім мен ақпарат көзі. Алайда осы алақандай гаджеттің артында көрінмейтін қауіп – интернет-алаяқтық жасырынып жатқаны жасырын емес. Осы орайда Шымкент қаласында жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқатерден қорғану жолдарын үйретуге бағытталған ауқымды түсіндіру жұмыстары қарқын алды. Жуырда Жұмабек Тәшенев атындағы университетте студенттер, оқытушылар, цифрландыру саласының сарапшылары, құқық қорғау органдары мен заңгерлердің басын қосқан маңызды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиынның басты мақсаты – жастарды интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтандырып, күнделікті өмірде қарапайым цифрлық гигиена дағдыларын қалыптастыру. Іс-шара барысында Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов мегаполисте интернет-алаяқтыққа қарсы күрес ведомствоаралық деңгейде жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. «Республикалық айлық аясындағы басты мақсатымыз – оқушылар мен студенттерді барынша кең қамтып, оларға цифрлық гигиенаның практикалық дағдыларын үйрету және интернеттегі ойланбай жасалған әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндіру», – деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, заманауи киберқауіптерден қорғану үшін жастарға арнайы техникалық білімнен бұрын дұрыс цифрлық әдеттерді сіңіру әлдеқайда маңызды. Қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін тұрақты сақтау арқылы әрбір азамат өзін алаяқтардың арбауынан толықтай қорғай алады. Кездесуде жеке деректердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Мамандар қазіргі алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын күрделеніп бара жатқанын ескертті. Олар көбіне танымал интернет-ресурстардың дәлме-дәл көшірмесін жасап, фишингтік сілтемелер арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін иемденуге тырысады. Кездесу соңы ашық диалог форматына ұласып, студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Жастар фишингтік шабуылдарды қалай анықтауға болатынын, жеке парақшаларды сенімді қорғау жолдарын сарапшылармен талқылап, нақты жауаптар алды. Мамандардың пікірінше, киберқауіпсіздік – тек қана ІТ саласы мамандарының міндеті емес, бұл цифрлық заманда өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың күнделікті жауапкершілігі. Сондықтан жастардың саналы цифрлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Jsk ақпараттық агенттігі
