• Чт. Дек 1st, 2022

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА БЮЛЛЕТЕНГЕ КАНДИДАТТАРДЫҢ АТЫ ӘЛІПБИ РЕТІМЕН ЖАЗЫЛАДЫ

Автор:admin

Ноя 1, 2022

 

Орталық сайлау комиссиясы 2022 жылғы 20 қарашада өтетін президент сайлауында қолданылатын бюллетендерді көрсетті.

«ҚР сайлау туралы» конституциялық заңның 12-бабының 6-тармақшасына және өзінің өкілеттіктеріне сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында дауыс беруге арналған бюллетень формасы мен мәтінін, оларды дайындау тәрбітін сондай-ақ бюллетеннің қорғалу дәрежесін белгілейді», — деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман отырыста.

«ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, сайлау бюллетеніне барлық тіркелген кандидаттар мемлекеттік тілдегі әліпби ретімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып жазылған және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізілген.

Осылайша, бюллетенде Әбден Қарақат Жақсылыққызы, Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы, Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы, Қажыкен Мейрам Зекешұлы, Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы және «Бәріне қарсымын» бағанасы бар.
«Сайлау туралы» конституциялық заңның 37-бабына сәйкес, бюллетендер сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы мөлшерінде резервпен дайындалады.

Заң талаптарына сәйкес, сайлау бюллетендері сақталатын ғимарат толық мөрленіп, ішкі істер органдары күзетіне тапсырылады.
Ұсынылған сайлаушылар тізіміне сәйкес, біртұтас жалпыұлттық сайлау округы бойынша, 11 млн 950 мың 485 сайлаушы бар.

Осылайша, 1 пайыз резервпен сайлауға 12 млн 69 мың 990 бюллетень жасалады.