• 15 октября, 2024 5:19 дп

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ОРАЙ БАЙҚАУШЫЛАРДЫҢ ӘДЕП КОДЕКСІ ӘЗІРЛЕНДІ

Автор:admin

Окт 27, 2022

 

Елімізде өтетін кезектен тыс президент сайлауына орай байқаушылардың Әдеп кодексі әзірленді. Бұл туралы елордада өткен брифингте Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов айтты.

«Байқаушылардың Әдеп кодексі әзірленді. 3 қарашада барлық серіктестеріміздің, кандидаттардың республикалық штаб өкілдерінің басын қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, тәжірибеде байқаушылардың өздері заң бұзушылыққа жол беретіні кездеседі. Алдағы өтетін кездесуде аталған құжатты талқылап, қабылдауды көздеп отырмыз. Одан кейін оны жұмыс істеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жібереміз», — деді Төлеген Күнәділов брифинг барысында.

Ол байқаушылар заңдылық пен ашықтықты сақтап, барлық кандидатқа бейтарап болуы тиістігін баса айтты. Сонымен қатар соңғы уақытта байқаушылар тарапынан сайлау үдерісіне қызығушылық артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Егер 2010 жылғы сайлауға 29 мың адам байқаушы ретінде қатысса, 2019 жылы олардың саны 45 мыңға жетті. Ал 2021 жылы өткен парламенттік сайлауға 74 мың байқаушы тіркелді. Қоғамның қызығушылығы артып келеді. Азаматтық қоғам байқаушы ретінде көп қатысқан сайын азаматтардың таңдауы заңмен қорғала түседі», — деді орталық төрағасы.

 

Автор: admin