• Сб. Окт 1st, 2022

Мұғалімдер биыл біліктілік арттыру курсына қалай қатыса алады?

Автор:admin

Сен 6, 2022

Біліктілікті арттыру курстары 18 қарашаға дейін жалғасады.

Бір айдың ішінде 18 мыңға жуық педагог 14 бағыт бойынша біліктілікті арттыру курсын оқыған. Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы оқу жұмысы департаментінің директоры Ержан Тілеубергенов айтты.

«Курстардың мақсаты – қатысушылардың пәндік құзіретін арттыру. Курс барысында педагогтер өз сабағында тікелей, іс жүзінде қолдана алатын тапсырмаларды әзірлейді. 80 сағаттық курстың ішінде 12 пән бойынша 200-ге жуық күрделі тақырыптарды қарастырдық. Осы курсты аяқтаған кезде педагогтердің қолында дайын тапсырмасы болып, оқушыларына пайдалана алатынлай қылып жоспарладық. Бағдарламаны соған бейімдедік. Бұл 200 тақырып барлық өңірдегі филиалдар арқылы жасалған сауалнама нәтижесінде анықталды. Сауалнамаға 19 мың педагог қатысты», – деді Ержан Тілеубергенов.

Департамент директорының айтуынша, біліктілікті арттыру курстары тек офлайн форматта өтеді. Онлайн сабақтар қарастырылмаған. Курстың ұзақтығы екі апта немесе сексен сағатты құрайды.

Сонымен қатар Ержан Тілеубергенов аталған курстың 18 қарашаға дейін жалғасатынын айтты.

«Оған қатысу үшін 1 қарашаға дейін ұстаздар мектеп директорына немесе директордың орынбасарына курсқа қатысу туралы өтініш бере алады. Сосын мектеп ікімшілігі білім басқармасы арқылы тізімді «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығына жібереді», – деп түсіндірді ол.

Орталық өкілі балабақша педагогтеріне арналған тегін курс бар екенін де еске салды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 7600 педагогін оқыту жоспарланған. Оның жартысынан астамы біліктілікті арттыру курсынан өткен.

«Бірақ бұл мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты», – деп ескертті орталық өкілі.