• 28 марта, 2024 10:32 дп

Бала үшке толғанша анасы қасында болуы керек». Декрет демалысын ерте үзу неге дұрыс емес?

Автор:admin

Сен 6, 2022
Mum and daughter spending time together in the park

Сарапшылар президенттің балаға жәрдемақы төлеу мерзімін ұзарту туралы бастамасына рухани, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан баға берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауында 2023 жылдан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзаратынын мәлімдеді. Бұл шара балалардың ең маңызды шағы – сәби кезінде ата-анасы жанында көбірек болуы үшін жасалады.

Бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін ұзарту ана мен балаға психологиялық, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда қалай әсер етеді? Бұл сұрақты мамандарға қойдық.

Айғаным Қуатқызы, балалар психологы:

– Бала туғаннан үш жасқа дейін анасының қасында болуы өте маңызды. Бір жасқа толғанша, яғни жүргенге дейін анасынан физиологиялық тұрғыда бөлінеді. Ал оған дейін анасының эмоционалды және құшақтау секілді тән байланысы базалық қажет саналады. Ең бірінші тамақ, ұйқы болса, одан кейінгі базалық қажет – қауіпсіздік сезімі. Анасы қасында болғанда эмоционалды және тән байланысын балаға бере алса, балада қауіпсіздік сезімі қалыптасады. Анасымен тығыз қарым-қатынаста өскен бала үлкен өмірге қадам басқанда «бұл әлем қауіпті емес, адамдарға сеніп, дұрыс қарым-қатынас орнатуға болады» деген сияқты нұсқау қалыптастырады.

Ана ерте, мысалы, баланың алты айында және бір жасында жұмысқа шығып кетсе, онда бұл кезде емізу процесі бар екенін ескерген жөн. Мұндайда бала мен ана арасындағы эмоционалды, тән байланысы үзіледі. Базалық қажетті бала анасынан ала алмаса ертең өскенде, өтпелі кезеңде түрлі қиындықтарға тап болады. Адамдардан қорқу, қарым-қатынасқа түсе алмау секілді әлеуметтік проблемалар басталады.

Сенімсіздік, өзін бағалы сезінбеу дегендей қиындықтар туындайды. Сол себепті балаға туғаннан бір жасқа дейін ана эмоционалды және тән байланысын бере алуы қажет, өйткені мұны одан басқа ешкім бере алмайды. Әкесі де, әжесі де.

Себебі бала анасының құрсағында жатқанда өзін қауіпсіз сезінеді. Дүниеге келгеннен кейін «бұл әлем қауіпті» деген ой пайда болады. Баланы туғаннан кейін бірден анасының кеудесіне қоюы бекер емес. «Бұл жерде мені қорғайтын, маған қарайтын адам бар» деген секілді балаға қауіпсіздік сезімін береді. Мұны нәресте іштей бейсаналы түрде түсінеді. Бала жылағанда, ауырғанда анасы әрқашан жанында болуы керек. Сол себепті бала күтімі мерзімін ұзарту ана мен бала үшін де, болашақ ұрпақ үшін де маңызды шешім деп білемін. Төлемақыны үш жылға дейін ұзартса, анасы баласының қасында ұзағырақ болса керемет болар еді.

Адамдарға баланың үш жасына дейін жанында болыңыз деп кеңес беремін. Үш жастан бастап бала анасымен эмоционалды тұрғыда бөліне бастайды. Балада өзіндік «мен» қалыптасып, «қаламаймын», «жасағым келмейді» деген сөздерді көп айтады. Сол кезде анасынан бөлініп, балабақшаға барады. Бала сөйлеп, әлемді тани бастағанда әсіресе анасы онымен сапалы қарым-қатынас орнатып, көп сөйлесіп, барлық сұрағына жауап беріп, сұраныстарын қанағаттандыруы керек. Әкесі де атсалысқаны жөн.

Үш-үш жарым жасында бала әлеуметке кіруге дайын болады. Осы кезде балабақшаға беру керек. Бермей қалса да дұрыс емес, неге десеңіз тек қана анасын көріп өскен бала әлеуметпен байланысқа түскенде қиналады. Бұл кезде бала сөйлеп, ойын жеткізе алады. Дәретке барғысы келгенін, қарны ашқанын еркін айтады.

Ата-ана жұмысқа ерте шығуға талпынып, сәбиін бір жастан бастап бөбекжайға береді. Бөбекжайға барған балаға анасынан ажырау қиын. Мұндай бөбектердің тобында бала көп жылайды, соның салдарынан ауырып қалып жатады. Мұның барлығы «мен анама қажет емеспін» деген секілді нұсқаудың  қалыптасуына әкеледі. Бала өскенде қоршаған ортамен байланысқа түсуге қорқады. Сондықтан үйде балаға қарау мүмкін болса бала үш жасқа толғанша жанында анасы болғаны жөн.

Автор: admin