• 3 декабря, 2024 3:19 пп

ЕГЕМЕНДІК ТІЛЕГІ – ЕЛДІҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУІ

Автор:admin

Окт 24, 2022

 

Әлемнің көптеген елдерінде Республика күні ерекше аталып өтеді. Өйткені бұл мерекенің елдің тарихындағы орны, мән-маңызы жоғары.

Президент бастамасымен біздің мемлекетімізде де бұл мерекеге айрықша көңіл бөлініп, ұлттық мереке мәртебесі берілді. Алғаш рет Республика күні 25 қазанда мемлекеттік мереке болып 1995 жылы жарияланған болатын. Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені, 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен егемендігіміз туралы Декларация қабылданды.

Аса маңызды құжатта Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Мемлекеттіліктің қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Мұның барлығы дербес ел ретінде қалыптастыратын нышандар болатын. Осылайша әлем картасына тәуелсіз ел ретінде орныға бастадық. Мінеки, айтулы мереке араға 13 жыл салып қайта оралып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Мұны халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын.

Ендігі біздің алдымызда ұлы міндет тұр, ол – Жаңа Қазақстанды құрып, әділетті принциптерін ұстанған қоғам құру. Оған баршамыз үлес қосуымыз маңызды. Барша отандастарды ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Егемендігіміз бен тату-тәтті тірлігіміз мәңгілік болсын! Түркістанымыз түлеп, мәребесі биіктей берсін!

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Автор: admin