• Чт. Окт 22nd, 2026

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ЭКО-ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Автор:jsk.kz

Авг 31, 2026

Шымкент қаласы мен оның төңірегі табиғаттың әсемдігі мен бірегей ландшафтының арқасында экотуризмді дамытуға аса қолайлы өңір болып саналады. Батыс Тянь-Шань тауларының етегінде орналасқан бұл аймақта таза ауада демалып, белсенді саяхат жасауға арналған тамаша орындар өте көп. Шымкент қаласы соңғы жылдары ішкі туризмнің басты орталықтарының біріне айналып, бұл бағыт қарқынды түрде дамып келеді. Қалаға келетін саяхатшылардың басым бөлігін еліміздің басқа өңірлерінен келген отандық туристер құрайды. Шымкенттің күн шуақты топырағында ішкі туризмнің дамуына тыныс ашқан тағы бір ауқымды әрі жарқын жоба өз жұмысын бастады. Еңбекші ауданына қарасты көрікті Маятас тұрғын алабында, Бадам су қоймасының сырғанаған толқындары мен жасыл желекке оранған жағалауында заманауи «O’MIR Shymkent» эко-демалыс кешенінің салтанатты таныстырылымы өтті. Маңызды шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, бұл бастаманың мегаполис үшін маңызын атап өтті. Жобаның негізін қалаушы Жанна Найзабекова бұл бастаманың басты миссиясы — қоршаған ортаға мұқият қарап, табиғаттың тыныштығы мен сұлулығын бұзбай, адамдарға сапалы демалыс сыйлау екенін ерекше атап өтті. Мұндағы әрбір бөлшек экологиялық тазалық пен заманауи дизайнның үйлесімінен туындаған. Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жоба Бадам су қоймасының ұмытыла бастаған туристік әлеуетін қайта түлетуде. Ең бастысы, жаңа нысанның ашылуы өңірдегі ішкі туризм инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Қарқынды мегаполистің күйбең тірлігінен шаршап, жаны мен тәніне тыныстық іздегендер үшін Бадам жағалауындағы бұл мекен таптырмас жұмаққа айналмақ. Таңғы шыққа оранған глэмпингтер, аспандағы жұлдыздарды алақанға салғандай көрсететін капсулалы үйлер және кешкі ашық аспан астындағы амфитеатр — мұның бәрі Шымкентке келетін әрбір туристің жүрегінен орын табатыны анық. Шымкент туризмінің көкжиегін кеңейткен «O’MIR Shymkent» — арман мен шынайылық тоғысқан, сапаршыларды құшақ жая қарсы алатын тамаша орталық! Қысқасы, Шымкенттің ішкі туризмі тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы түрлі мәдени іс-шаралармен, жаңа демалыс аймақтарымен және сапалы сервисімен толығып, нағыз тартымды туристік орталыққа айналып келеді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: jsk.kz