Адам өмірі – қайталанбас ұлы сый. Ал сол сыйдың қорғаушысы, дертке шипа, көңілге қуаныш сыйлайтын жандар – ол дәрігерлер мен мейірбикелер, яғни ақ халатты абзал жандар. Олардың еңбегі көбіне сырт көз үшін күнделікті жұмыс сияқты көрінгенімен, іс жүзінде бұл – қаһармандық пен жанқиярлыққа толы қасиетті жол. Ақ халатты абзал жандардың жұмысы – әр секунды мыңдаған тағдырға тең ауыр да жауапты міндет. Жедел жәрдем бригадасы – бұл қаланың тыныс-тіршілігімен бірге соғатын жүрек. Күннің ыстығына, түннің суығына, мереке немесе демалыс күндеріне қарамастан олар тәулік бойы дайындықта тұрады. «103» пультіне түскен әрбір қоңырау – бұл біреудің көмекке мұқтаж жағдайы, үміті мен аман қалуға деген соңғы мүмкіндігі. Дәрігерлер, фельдшерлер мен жүргізушілерден құралған бұл шағын командалар жолда жүргенде де, шақырту орнына жеткенде де бір секундты да бос жібермейді. Диагнозды лезде қою, дұрыс шешім қабылдау және науқастың өмірін сақтап қалу – нағыз кәсібилік пен темірдей төзімді талап етеді. Өлім мен өмірдің арасында арпалысып, дер кезінде көмек қолын созатын жедел жәрдем қызметкерлерінің ерен еңбегі Тараз қаласында өткен ауқымды додада тағы да дәлелденді. Еліміздің намысын қорғаған Шымкент қаласының жедел медициналық жәрдем бригадасы республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, І орынды қанжығасына байлады! Бұл жай ғана сайыс емес, төтенше жағдайлар кезіндегі жылдамдық пен кәсібиліктің шынайы сынағы болды. Тартысты додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік бригадалармен қатар, көршілес Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттердің мықтылары қатысты. Жалпы саны 165–180-ге жуық үздік маман жиналған халықаралық чемпионатта бәсекелестік от пен судай қайнады. Іс-шара бағдарламасы тек сайыспен шектелмей, халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен шеберлік сабақтары мен ғылыми-практикалық кездесулерге ұласты. Десе ҳам, негізгі сын сәтте Шымкенттің жедел жәрдем бригадасы өздерінің жоғары деңгейдегі дайындығын, сабырлылығын және тізе қосып жұмыс істей алатын командалық күшін паш ете білді. Бұл жеңіс – тек бір қаланың ғана емес, бүкіл қазақстандық медицина саласының, әсіресе шұғыл көмек көрсету жүйесінің әлеуеті мен деңгейінің қаншалықты биік екенін көрсеткен жарқын көрініс. «Денсаулық – адамның ең басты байлығы, ал сол денсаулықты сақтап қалу жолындағы секундына дейін есептелген әрбір әрекет – нағыз ерлік.» Шымкенттік медиктердің бұл жетістігі жас маман болып келе жатқан ұрпаққа үлкен үлгі, ал қарапайым халық үшін үлкен мақтаныш. Ақ халатты батырларымызға биік белестер, толайым табыстар мен қажымас қайрат тілейміз!
Jsk ақпараттық агенттігі
