• 10.06.2026 15:39

Уақытша депутаттық комиссия «Сарыағаш айналма жолы» құрылысының барысымен танысты

Автор:jsk.kz

Июн 10, 2026

 

Түркістан облыстық мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтың өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия жұмыс сапарын Сарыағаш ауданында жалғастырды.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған мәслихат депутаттары Ж.Сүлейменов, А.Үмбетәлиев, А.Салимов, Б.Басымбек, У.Рахиев, Н.Әжіметов, Ж.Қанаев, Б.Серманизов, Д.Егамбердиева, Е.Ералиев, Ж.Құрақбаев «Сарыағаш айналма жолы» құрылысынан Көктерек елді мекеніне және Сарыағаш қаласына шығатын транспорттық қиылыс құрылыс жұмыстарымен танысты.

Нысанды аралауға Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлім басшысы М.Тәжіханов, «ҚазАвтоЖол» компаниясының Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Т.Оразбеков, мердігер және жобалаушы ұйым өкілдері қатысып, депутаттарға құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі туралы ақпарат берді.

Депутаттар Сарыағаш қаласы мен Сарыағаш шипажайлары орналасқан Көктерек кентіне шығатын көлік айрықтарының қарастырылмауы тұрғындар мен демалушылардың қозғалысына, сондай-ақ көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне бірқатар қиындықтар туындататындығын жеткізді.

Осыған байланысты уақытша депутаттық комиссия тиісті мекемелерге «Сарыағаш айналма жолы» автомобиль жолы құрылысы жобасына Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне шығатын көлік айрықтарын салу мәселесін енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Халық қалаулылары өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру кезінде тұрғындардың қажеттілігі мен көлік ағынының болашақтағы өсімі жан-жақты ескерілуі қажет екенін атап өтті.

Автор: jsk.kz