• Чт. Окт 1st, 2026

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРҒА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАҒЫТТА ТЕГІН БІЛІМ БЕРІЛУДЕ

Автор:jsk.kz

Окт 1, 2026

Шымкентте жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Креативті хабта әр бейсенбі сайын бірнеше бағыт бойынша тегін үйірмелер мен шеберлік сабақтар өткізіліп, қатысушылар өз қызығушылығына қарай жаңа дағдыларды меңгере алады.
Креативті хаб үйлестірушісі Жанна Байтелиеваның айтуынша, сабақтар бес бағытты қамтиды. Олар – тігін тігу, кітап оқу, түрлі бұйымдар жасау, керамика және сурет өнері.
– Шеберлік сабақтарына қатысқысы келетін жастар өзіне ұнайтын бағытты таңдай алады. Әр сабақта өз ісінің мамандары жұмыстың қыр-сырын үйретеді. Үйірмелер тегін өткізіледі және өздері жасаған бұйымдарын бірге алып кете алады, – деді Жанна Байтелиева.
Бүгін хабта жастарға интерьер дизайны бойынша «Интерьердің жарық ортасы. Жарық кеңістікті, көңіл-күй мен стильді қалай өзгертеді» тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Кездесу барысында қатысушылар интерьердегі жарықтың маңызы, оны бөлме ерекшелігіне қарай дұрыс таңдау және жарықтың көмегімен кеңістіктің көңіл күйі мен стилін өзгерту тәсілдерімен танысты.
Мұндай сабақтар жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оны нақты дағдыға айналдыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Креативті хабтағы тегін үйірмелер мен шеберлік сабақтары әр бейсенбі күні сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін өтеді. Қатысуға ниетті жастар өздеріне қызықты бағытты таңдап, шығармашылық ортаның мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Автор: jsk.kz