• Чт. Окт 1st, 2026

ЖАСТАР ТРАНСФОРМАТОР ӨНДІРІСІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Автор:jsk.kz

Окт 1, 2026

 

Шымкент қаласы «Жастар ресурстық» орталығының» ұйымдастыруымен «Тассай» индустриялық аймағындағы «ЭлектроЗаводСервис» ЖШС-де жастарға арналған экскурсия іс-шарасы өтті. Оған академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің белсенді 60-қа жуық студенті қатысып, трансформатор өндірісінің жұмыс барысымен танысты.

Экскурсияның мақсаты – жастардың өндірістік кәсіпорындар туралы түсінігін кеңейтіп, техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру және еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен таныстыру.
«Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Қуаныш Серікбайдың айтуынша, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу үшін өндіріс орындарына экскурсиялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай кездесулер барысында жастар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, мамандармен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алады.
Кездесу кезінде студенттер кәсіпорынның өндірістік үдерісін көріп, трансформаторларды дайындаудың негізгі кезеңдерімен танысты. Мамандар өндірісте қолданылатын заманауи технологиялар, еңбек қауіпсіздігі талаптары және жұмыс ерекшеліктері жөнінде ақпарат берді.
“Newton Energy” компаниясының өндіріс бойынша директоры Нұржан Қазыбековтың айтуынша, кәсіпорын жылына қуаттылығына қарай түрлі үлгідегі 1000-ға жуық трансформатор өндіреді. Өнімдер еліміздің өзге қалаларына жөнелтіліп, Қырғызстан, Армения және Өзбекстанға экспортталады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Мамандардың айтуынша, кәсіпорында заманауи технологиялар қолданылып, трансформаторлар қауіпсіздік талаптарына сай өндіріледі.
Экскурсияға қатысқан электр энергетикасы мамандығының студенті Диорбек Рахымжанов өндіріс орнындағы жұмыс барысымен танысу өзіне пайдалы болғанын айтты.
– Біз университетте теориялық білім аламыз. Ал, бүгін өндіріс орнына келіп, сол білімнің іс жүзінде қалай қолданылатынын көрдік. Болашақта мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Электрика саласына қызығатындықтан, осы мамандықты таңдадым, – дейді ол.
Экскурсия соңында студенттер өндіріс мамандарына сұрақтарын қойып, кәсіпорындағы еңбек жағдайы мен мамандарға қойылатын талаптар туралы пікір алмасты.

Автор: jsk.kz