• 22.09.2026 20:56

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жол ашады

Автор:jsk.kz

Сен 22, 2026

 

Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау әр адамның күнделікті әдетіне айналуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы ерекше. Бұл тек қоқыс жинап, аумақты тазартумен шектелетін шара емес, адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған жұмыс.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысушылармен кездесу барысында табиғатқа қамқорлық жасау халықтың өмір салтының бір бөлігі болуы қажет екенін атап өтті. Отанға деген сүйіспеншілік алдымен өз үйіңе, ауылыңа және қалаңа деген жанашырлықтан басталатыны да айтылды. Экологиялық бастамаларға белсенді қатысып жүрген жастардың жауапкершілігі де осы бағыттың маңызын көрсетеді.

Бастаманың уақытша науқан емес, ұзақ мерзімді жоба ретінде жүзеге асуы маңызды. Себебі бір күнде тазаланған аумақтың қайта ластанбауы үшін адамның санасы мен әдеті өзгеруі қажет. Тазалықты біреудің міндеті деп емес, ортақ жауапкершілік деп қабылдау қоғамда қалыптасса, нәтиже де тұрақты болады.
Биыл жыл басынан бері елімізде 600 ден астам экологиялық іс шара өткізіліп, оған 7 миллион азамат қатысты. 130 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 1,3 миллион ағаш отырғызылды. Ал бастама жүзеге асырыла бастағаннан бері 2 мыңнан астам экологиялық іс шара өткізіліп, 3,8 миллион тоннадан астам қалдық жиналған. Сонымен бірге шамамен 10 мың қоқыс орны жойылған.

Бұл көрсеткіштер қоғамның экологиялық бастамаларға белсенді қатысып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен жұмыстың негізгі нәтижесі тек жиналған қоқыс немесе тазартылған аумақ көлемімен өлшенбеуі керек. Ең маңыздысы, осы жұмыстар адамдардың күнделікті өміріне әсер етіп, тазалыққа деген жауапкершілікті күшейтуі.

Таза орта ең алдымен адамның өзінен басталады. Өз ауласын таза ұстау, қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғатқа ұқыпты қарау қарапайым әрекет болып көрінгенімен, оның қоғам үшін мәні зор. «Таза Қазақстан» осы қарапайым әдеттерді қалыптастыруға ықпал ететін тұрақты қоғамдық мәдениетке айналса, бастаманың ең маңызды мақсаты да осы болмақ.

Сырлыбаев Абай «ӘДІЛЕТ» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Шымкент қалалық филиалының консультанты

Автор: jsk.kz