• 19 апреля, 2024 1:32 дп

Ұлт қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл

Автор:admin

Мар 18, 2023

Ұлт қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл

Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ)  2023 жылды Т. Жүргенов жылы деп жариялаған болатын.

Темірбек Жүргеновтің есімі тек қана қазаққа ғана емес, бүкіл түркі жұртына мәлім. Ол руханият тарихында ерекше орын алып, қазақы қалпымызды сақтауға, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі. Темірдей тау тұлғаның туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

Наурыз айының 15-і күні мемлекет қайраткеріне арналған іс-шара Алматы қаласындағы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ТҮРКСОЙ аясында Түркі елдерінің шығармашылық жоғары оқу орындарының

қауымдастықтары арасында меморандумға қол қоюмен басталды. Дәлірек айтсақ, жиынға Темірбек Жүргенов  атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Әзірбайжан Мемлекеттік мәдениет және өнер университеті, Б.Бейшеналиева атындағы мәдениет жэне өнер университеті, Өзбекстанның мемлекеттік өнер жане мәдениет институты, Анкара музыка және бейнелеу өнері университеттерінің өкілдері қатысты. Меморандумның негізгі мақсаты — түркі елдерінің шығармашылық жоғары оқу орындарының Ассоциациясын құру. Сол арқылы ғылыми зерттеулер жүргізу, ЖОО кластері арасында академиялық білім беру және ортақ мүдделерді дамыту сияқты мақсаттарды көздейді.  Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрнекті жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты кітабының тұсаукесері өтті.  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен өнерін

дамыту ұйымының бас хатшысының орынбасары Билал Чакыжы мырза және Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсат жылы лебіздерін білдіріп, кітаптың тұсауын кесті. Айта кетейік, алдағы уақытта бұл кітап алты тілге аударылып, баспадан шығатын болады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі тапсырмасымен, Мәдениет жане спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен ұлт қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Темірқазық” атты инфографикалық концертіне ұласты. Мерекелік іс-шараның басында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.  Концертке Т. Жүргенов Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қатысты. Талантты жастар ұлы тұлғаның өмірі мен қызмет жолын паш ететін бейне роликтер, музыкалық композициялар мен

театралдырылған көріністерді көрсетті.  Сондай-ақ жобаға Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, «Салтанат» меплекеттік би ансамблі, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлері және т.б қатысты. Әсіресе, қойылымдардың ішінде өнер ордасының түлектері  «Алашұлы» тобы мен «Номад каскадерлері» қойған сахналық қойылымы көрерменнің көңілінен шығып, ерекше таң қалдырды. Әр келген қонаққа «Комиссар Жүргенов» кітабы үлестірілді. Алдағы уақытта ұлы тұлғаға арналған іс-шаралар легі басқа аймақтарда да өз жалғасын таппақ.

Алтынай Жетписбаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3 курс студенті

Автор: admin