• 29 марта, 2024 10:20 дп

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Шымкентте жүзеге асырылуда!

Автор:admin

Апр 8, 2023
Industrial buildings at sunset, New York City, USA.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 3 576,0 млн теңге бөлініп, бағдарлама шеңберінде 100 жобаға қолдау көрсетілмек.  Одан бөлек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 816,1 млн  теңге бөлінген. Несиелерді рәсімдеуді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  жүзеге асырады. Осы тұста ерекше тоқталып өтетін жайт, Шымкент қаласының әкімдігі әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға биыл айрықша ден қойып отыр.  «Мен кәсіпкер боламын» деп аталатын бағдарлама аясында осынау санаттағы азаматтарға 10 миллион теңгеге дейін жылдық сыйақы мөлшері  1 пайыздық несие беру көзделген.  Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 060,0 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал «Бизнестің Жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инновациялық жобаларды іске асыруға бағытталған 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант үшін құжат қабылдау басталған. Ендігі міндет мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелерді оңай, әрі жылдам алу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен «Shymkent  ӘКК» АҚ бірлесе отырып, таяу күндері микроқаржы ұйымын ашпақ. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылғы қаңтар-ақпан айында 115,7 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Осылайша, республикада 4-орынға тұрақтапты. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібінде 94,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Шаһарда өнім көлемі артқан бірнеше саланы атап өтуге болады. Ең бірінші кезекте қарқынды жүріп тұрған өнеркәсіп жиһаз өндіру саласы болып тұр. Одан кейінгі орынға химия өнеркәсібі, сосын  резина және пластмасса бұйымдарын шығару, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру және негізгі фармацевтикалық өнімдер мен жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, тамақ өнімдерінің өндірісі тұрақтайды. Республикада өндірілетін мақта маталарының  96,6 пайызы, мақта майының 93,3 пайызы, көміртегі диоксидінің  66,5 пайызы, шұлықтың 60,8 пайызы, дәрі-дәрмектің 35,4 пайызы, цемент клинкерінің 20,4 пайызы және портландцементтің  22,3 пайызы, макарон өнімінің 17 пайызы Шымкент қаласының үлесінде. Сонымен қатар Шымкент қаласы – республиканың ең ірі өнеркәсіптік орталығының бірі. Өңірде 689 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр. 32 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорынның 24-і ірі бизнес нысаны.

Jsk ақпарат

Автор: admin