• 13 мая, 2024 11:53 пп

Шымкент қаласы: Тұрандықтар табиғи газға қосылмақ

Автор:admin

Ноя 13, 2023

Шымкент қаласы Тұран ауданының аумағында орналасқан 6 нысанға газ құбырларын жүргізу жұмыстары межеге сай жүргізілуде. Олар Тассай, Тұран 3-ші кезек, Асар-2, Сауле шағын ауданы, Солтүстік саяжай, Бозарық аталатын нысандар. Сонымен Тұран шағын ауданын газбен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының 3-кезегі биыл аяқталатын болады. Мердігер мекеме 2022 жылдың мамыр айында ішкі орамдық жүйелердегі нысан құрылыстарын бастап, қазіргі күнге дейін жұмыстың 95 пайызын орындаған. Жоба бойынша Тұран шағынауданында 2 554 тұрғын үй 2023 жылдың қараша  айында толық табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарлануда. Нәтижесінде биыл Тұран ауданының табиғи газбен қамтылу көрсеткішін 94%-дан 96%-ға жеткізу күтілуде. Айта кетейік, бүгінгі таңда қала тұрғындарын табиғи газбен қамту деңгейі 93 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 100 пайызға жеткізу көзделуде. Ал биыл 94,7 пайызға жеткізіледі. Оған жаңадан іске қосылған №3 газ тарату стансасы толық мүмкіндік береді. «ҚазТрансГаз» компаниясының өкілі Ж.Қуанышбековтың мәліметінше, бүгінге дейін 5 мыңға жуық тұрғын техникалық шарт алып үлгерген, газға қосу жұмыстары күзге дейін жалғаспақ. – Техникалық шарт тегін беріледі. Тұрғындар лицензиясы бар кез келген мекемемен келісімшартқа тұрып, монтаждау жұмыстарын жүргізуге құқылы. Ең басты талап – жер учаскесінің мемлекеттік актісі мен үйдің техникалық паспорты қажет. Өкінішке қарай, көптеген үйдің тиісті құжаттары жоқ. Сондықтан, тұрғындар арасында түсінбеушілік туындауда. Құжат дұрыс болмай, газды қоса алмаймыз. Өйткені қауіпсіздік – бірінші кезекте, – деді Жеңіс Бауыржанұлы. Айта кету керек, бүгінгі таңда Батыс, Тассай, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Тұран елді мекендерінде газ желісінің құрылысы жүруде. Келесі кезекте Сәуле, Ақтас (магистралка), Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай елді мекендері тұр. Жыл сайын Шымкентте газ құбыры жеткізілген елді мекендер саны артып келеді. Қаланың 2023-2025 жылдар аралығында даму жоспарына сәйкес, алдағы уақытта көгілдір отынмен жартылай қамтылған 28 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары мен басқа да нысандар табиғи газбен толық қамтылады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin