• 20 мая, 2024 1:39 дп

Шымкент қаласының  халқы 100 % электр қуатымен қамтылатын болады

Автор:admin

Окт 16, 2023

Шымкенттегі 81 елді-мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған, деп хабарлайды Jsk.kz. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында ағымдағы жылы барлығы 14 нысанда ішкі жүйелердің және 2 қосалқы электр тарату бекетінің құрылысы жүргізілді. Соның ішінде, электр қуаты сапасыз 8 елді мекенге сапалы электр қуатын жеткізу жұмысы қарқын алған. Қазіргі уақытта, Сәуле-276, Жаңаталап, Нұртас елді мекенінде құрылыс жұмысы толық аяқталды. Бүгінде тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу (абоненттеу) жұмысы атқарылуда. Сонымен қатар, Достық, Тұран, Солтүстік саяжай елді мекендерінде құрылысы аяқталған аумақтарында абоненттеу жұмысы қатар жүруде. 2023 жылдың 10 айлық қорытындысымен, жоғарыда аталған 6 елді мекендегі 43 мыңға жуық адам сапалы электр қуатына қосылуға мүмкіндік алатын болады. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 97%-дан 98%-ға жетеді. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ және Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы ағымдағы жылы толығымен аяқталады. Ал, Асар-2 (2-кезек) құрылысы да келер жылға өтпелі. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласындағы барлық елді-мекендер 2023 жылы 100% сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Шымкент қаласы Қаратау аумағындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабы осы жылы сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Бұл туралы Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков аталған алабтың тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. Нақтылап айтсақ, Қайнарбұлақты электр қуатымен қамту бойынша, қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Осы жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарланған. Нәтижесінде, ондағы тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабын табиғи газ және ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама да әзірленуде. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша құрылысты жүргізетін «МПК проект» ЖШС-і анықталған. Енді 2024 жылы жобаға сараптама қорытындысын алып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдары жүргізілетін болады.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin