Шымкент – еліміздегі ең жас және қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Қала көшелері мен университет аудиториялары жалынды жастарға толы. Алайда осы жарқын көріністің артында үлкен бір үнсіз дағдарыс – өскелең ұрпақтың денсаулығына төнген қатерлер жасырынғаны қашан. «Жастық – мәңгілік» деген қате түсінікпен біз ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпақтың әлсіреп бара жатқанын байқамай қалып жатқан сияқтымыз. Шымкент жастарының денсаулық саласындағы қордаланған проблемалар мен шешімін таппай жүрген түйіндер қандай? Бүгінде қала мектептері мен колледждерінің маңынан, кафелер мен түнгі клубтардан қолына электронды темекі вейп ұстаған жастарды көру үйреншікті жағдайға айналды. Статистикалық шындыққа сүйенсек елімізде жастар арасында шылым мен түрлі никотин өнімдерін тұтыну көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Шымкент те бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Жастардың арасында қауіпті тренд қалыптасып жатыр. Бұл ойландыратын мәселе. Дәстүрлі темекіні ығыстырған вейптер мен түтінсіз никотин қоспалары жастардың өкпесі мен жүрек-қан тамырлары жүйесін улап жатыр. «Бұл зиян емес, жай ғана хош иісті бу» деген қате түсінік жасөспірімдерді саналы түрде тәуелділікке итермелеуде. Осының салдарынан жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және репродуктивті сауатсыздық – мегаполис үшін үлкен сын. Мектептер мен оқу орындарында бұл тақырыптағы ашық, білікті түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі жастардың өз денсаулығына салғырт қарауына жол ашып отыр. Шымкенттің болашағы – салауатты, саналы және жігерлі жастардың қолында. Алайда жоғарыда аталған проблемаларды «уақыт өте келе өзі түзеледі» деп елеусіз қалдыруға болмайды. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, қоғам болып бұл мәселеге бей-жай қарамау қажет. Жас буынға тек диплом мен жұмыс орны ғана емес, ең басты байлық – мықты денсаулық екенін түсіндіретін уақыт келді. Себебі сау ұрпақ – ұлттың болашағы, ал ауру жастар – дамудың аяғына түскен тұсау. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметтері бойынша, жасөспірімдер арасында электронды темекі тұтыну көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Республикалық көрсеткішке сүйенсек Қазақстанда 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 9,8%-дан 10%-ға кей деректерде одан да жоғары вейптер мен электронды сигареттерді тұтынатыны анықталған. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш ауылдық аймақтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мегаполис ретінде Шымкентте де жастардың түнгі клубтарда, кафелер мен оқу орындарының маңында вейп қолдануы республикалық орташа деңгеймен шамалас, ал ірі қалалардың урбанизация қарқынына сай бұл көрсеткіштің төмендеуі баяу жүріп жатыр. Қазақстанда вейп айналымына заңмен толық тыйым салынғанымен, оның көлеңкелі нарықтағы саудасы мен жастар арасындағы қолжетімділігі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Еліміздің басқа мегаполистерімен Алматы, Астанамен салыстырғанда, Шымкентте жастарға арналған жастар денсаулық орталықтары ЖДО жұмыс істейді. Алайда, олардың жұмысы туралы ақпараттың аздығынан жастардың денсаулығы сыр бергенде немесе репродуктивті сауат бойынша сұрақтар туындағанда дер кезінде маманға бару көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Қазақстан бойынша жалпы жастар денсаулығындағы басты қатерлер зиянды әдеттердің жасаруы вейп, қозғалыстың аздығы және психологиялық стресс болса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіштер халықтың тығыздығы мен қарқынды өсу факторына байланысты ерекше назарды талап етеді. Егер республикалық деңгейде бұл бағытта қатаң заңдар мен бағдарламалар қабылданса, Шымкент деңгейінде оларды жергілікті ортада колледждер, университеттер, шеткі аудандар нақты нәтижеге бағыттап күшейту қажет.
Сағындық Жанысбаев
«Jsk.kz» ақпараттық агенттігінің директоры-бас редакторы
