• 16 мая, 2024 11:01 пп

Шымкенттің шеткі аймақтарында ауыз су мәселесі толық шешіледі

Автор:admin

Сен 11, 2023

Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеп, тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Себебі отыз күн Оразада күні бойы нәр татпай жүретін адамдар ауызашар сәтінде алпыс екі тамырына ағылған судың сылдыры естіліп, дәмі сезілетінін айтады. Қара судың қадірі қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе қабат үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен астаналық деген аты болмаса, ауылдағыдай күн кешіп, ауыз суды тасып ішіп отырғандар елордада да аз емес. Ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар ма? Соған тоқталып көрсек.   Шымкент қаласының 2021-2025 жылдар аралығында даму жоспары бекітілген. Жол картасында бес айқын бағыттың бірі ретінде қала аумағын инжинерлік-инфрақұрылыммен қамтылуы көрсетілген. Яғни, ауыз су, электр жарығы және табиғи газ, кәріз жүйесі, сарқынды суды тазалап, кәдеге жарату, тозығы жеткен жылу жүйелерін қалпына келтіру секілді жұмыстар қаралған. Осының негізінде 12 индекатор бекітілген. Атап айтқанда, 2023 жылдың жоспары бойынша ауыз сумен қамтуды – 99 пайызға, сапалы электрмен қамтуды – 100 пайызға, кәріз желісін – 65 пайызға, табиғи газбен қамтуды – 96 пайызға жеткізу, ал, жылу желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға төмендету мақсаты тұр. Қазір қаладағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз суды тұтынады. Тіршілік нәрін кезекпен берілетін Құрсай, Сайрам шағынауданы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабының жаңақұрылыс аумағында құбыр тарту құрлысы жүріп жатыр. Құрсай шағынауданында екі кезең негізінде жүзеге асып жатқан су желісі құрылысының бүгінде 90 пайызы орындалып, аяқталуға таяп қалды. Негізінен осы үш елді мекенмен қосқанда қала аумағында 6 нысанда құрлысы жүріп жатыр. Олар –Құрсай 1,2 кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам шағынауданында 1,2 және 3 кезек, Еңбекші ауданындағы Тоғыс, Айнатас, Қаратөбе, Қарабастау, Жұлдыз және Жыланбұзған елді мекендерінің жаңақұрылыс аумағындағы 2288 абонентке арналған су құбырының желісі. Басқарма басшысының сөзінше, аталған алты нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, 72 мыңға жуық адам сапалы ауызға қол жеткізеді екен. Осылайша Шымкенттің ауыз сумен қамту көрсеткіші толық орындалып, 98,5 пайыздан 100 пайызға жетеді.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin