• 5 мая, 2024 11:50 пп

ШЫМКЕНТТЕ ӨҢЕШІ БІТЕУ ТУЫЛҒАН СӘБИГЕ КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ

Автор:admin

Апр 24, 2024

 

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында МӘМС есебінен өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды. Нәресте ішкі ағзасының ақауынан тіпті ана сүтін еме алмаған. Білікті дәрігерлер құрамы өміріне қауіп төнген бір күндік шақалаққа шұғыл түрде неонаталдық хирургиялық көмек көрсету шешімін қабылдайды. Нәтижесінде ота сәтті өтіп, бала анасымен жалпы палатаға ауыстырылған. Алдағы уақытта дәрігерлердің бақылауында болады.

— Жыл басынан бері қалалық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімі базасында неонаталдық хирургиялық операциялар жүргізіле бастады. Соның арқасында ішкі ағзаларының ақауымен туылатын нәрестелерге күрделі ота түрлері өзімізде жасалуда. Бұған дейін түрлі патологиялары бар балаларды мамандандырылған ауруханаға жолдайтынбыз. Өйткені перзентханада ондай медициналық көмек көрсетілмейтін, -дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің неонаталды ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова.

Жаңа туылған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшеде неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Перзентханада сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға күтім жасауға да ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде неонаталды хирургиялық көмек 21 балаға көрсетілген.

Автор: admin