«Бірінші байлық – денсаулық» – бұл жай ғана халық даналығы емес, кез келген өркениетті елдің өркендеуіне негіз болатын фундаменталды қағида. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде адам капиталына, әсіресе халықтың саулығына үнемі ерекше мән беріп келеді.
«Ұлт денсаулығы – еліміз үшін шынымен де ең жоғары құндылық. Сондықтан медицинаны дамыту – мемлекеттің стратегиялық мақсаты», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ұстаным бүгінгі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі өзегіне айналды. Президенттің тапсырмасы бойынша соңғы жылдары елімізде ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Шалғай елді мекендерде заманауи амбулаториялар, медициналық пункттер мен фельдшерлік-акушерлік кешендер саланы жаңа деңгейге көтерді.
Медициналық көмектің қолжетімді болуы – халықтың өмір сүру ұзақтығын арттырудың және ана мен бала өлімін азайтудың басты кепілі болып табылады. Кез келген сапалы медицинаның артында адал еңбек етіп жүрген мамандар тұр. Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы абыройын көтеру мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты орынға қойды.
«Денсаулық сақтау саласына халықтың игілігі үшін адал қызмет ететін әрбір қызметкердің еңбегі жалпыға бірдей тануға лайық», – деп атап өтті Президент.
Дәрігерлердің айлығын өсіру, заңнамалық деңгейде олардың құқығы мен мәртебесін қорғау тетіктерін енгізу – осы стратегиялық бағыттың нақты нәтижесі. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлт саулығы – тек ауруханалар мен дәрі-дәрмекпен шектелмейді.Оның негізі салауатты өмір салтында жатыр. Соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық инфрақұрылымдарды (воркаут алаңдары, дене шынықтыру кешендері) кеңейтуге баса назар аударылуда. Аурудың алдын алу (профилактика) – емдеуден әлдеқайда тиімді әрі арзан. Қасым-Жомарт Кемелұлының пайымдауынша, дени сау ұлт қана бәсекеге қабілетті Әділетті Қазақстанды құра алады. Мемлекет тарапынан медицина мен инфрақұрылымға қаншалықты жағдай жасалса да, әрбір азаматтың өзінің және жақындарының денсаулығына деген жеке жауапкершілігі де маңызды. Денсаулық сақтау саласын жүйелі реформалау – еліміздің тұрақты келешегі мен қуатты болашағының берік кепілі. Осы орайда Шымкент қаласындағы №2 қалалық ауруханада жоғары технологиялық нейрохирургиялық операциялар пациенттерге тегін жасалуда.
Жақында 38 жастағы әйелге ми тамырының аневризмасына байланысты эндоваскулярлық операция жасалды. Мұндай емнің құны 6 млн теңгеден асады, алайда медициналық көрсетілімдерге сәйкес пациентке операция тегін жүргізілді.
Науқас ұзақ уақыт бойы басының қатты ауырғанына шағымданған. МРТ тексеруі нәтижесінде ми тамырынан аневризма анықталған. Дәрігерлер ашық операцияның орнына заманауи эндоваскулярлық әдісті қолданып, қан тамыры арқылы арнайы құрал енгізіп, аневризмаға стент орнатқан.
Операцияны нейрохирург Еркін Медетов орындады. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.
Мамандардың айтуынша, жоғары технологиялық медициналық көмек аясында қажетті медициналық көрсетілім болған жағдайда мұндай күрделі операциялар пациенттерге тегін көрсетіледі.
