• 29 апреля, 2024 12:14 пп

ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҢА ТҰРАН АУДАНЫНДА 85 КӨШЕГЕ ШАҒАЛ ТАС ТӨСЕЛЕДІ

Автор:admin

Окт 10, 2023

Тұран ауданының тұрғындары аудан әкіміне жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасын салу мәселесін жиі көтереді екен. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков айтты. Тұран ауданы мегаполис аумағының 32%-ын құрайды. Қазір орталық пен 9 шағынаудан және 12 тұрғын алапта 40 мыңға жуық тұрғын үй бар. Соның ішінде көп қабатты үйлер – 544. Ауданның ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамтылуы – 99,5 пайыз.

– Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағында электр желілерін жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылы атқарылады. Ал, табиғи газ тарту жайына келсек, 2022 жылдың соңында Арғымақ және Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерінде табиғи газдың құрылысы толық аяқталды. Қазір «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, ауданға табиғи газ жеткізу көрсеткіші 99 пайыз болмақ. Құрсай мен Жаңаталапқа газ құбырын тарту бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Айкөл елді мекеніне жобалау жұмысы 2024 жылға жоспарланып отыр, — деді аудан әкімі.

Аудан әкімі Б.Болатбеков жыл басынан бері тұрғындармен 16 рет кездесу өткізген. Кездесу барысында 69 мәселе көтерілген. Оның 42-сі орындалып, 27 мәселе орындалу үстінде. Әр аптаның жұма күні сағат 15:00 – 19:00 аралығында аудан тұрғындарын жеке қабылдау да ұйымдастырылады екен. Бүгінге дейін өткен жеке қабылдауларда 81 мәселе қаралған. Оның 19-ы шешімін тауып, 62-сі орындалу сатысында.

–Тұрғындардың ең көп көтерген мәселесі – жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасы. Биыл Құрасай елді мекенінде инфрақұрылым құрылыстары жүргендіктен жолдарын топырақ басып, тұрғындар көп шағымданды. Сондықтан, биыл Құрайдың өзінде 40 жолға шағал тас төселеді. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша өзге елді мекендердегі 45 көшеге де тас төсеу жұмысы жоспарланды. Сонымен қатар, 19,1 шақырымды құрайтын 29 көше орташа жөндеуден өтеді,-деді Б.Болатбеков.

Тұрғындардың ұсынымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 10 балалар ойын алаңшасы, 4 ашық спорт алаңы бой көтереді.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin