• 29 марта, 2024 2:29 дп

СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫНА ТҮСКЕН ҚОҢЫРАУ АРҚЫЛЫ МЕКТЕПТЕ АҚША ЖИНАУ ФАКТІСІНІҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Автор:admin

Апр 22, 2022

 

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 сенім телефонына Түркістан қаласында орналасқан
№15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясына қатысты шағым келіп түскен.

Қала тұрғыны тарапынан түскен хабарламада аталған білім беру мекемесінің бітіруші түлектері арасында соңғы қоңырау мерекесіне байланысты деген себеппен ата-аналардан заңсыз ақша жиналып жатқаны жөнінде айтылған.

Аталған хабарлама негізінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісовтің қатысуымен №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында шұғыл жиналыс өтті.

Мектепте ақша жинау деректерін жоюға және болдырмауға бағытталған шараға Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Г.Құлбаймбетова, мектеп директоры, тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасары мен 11-сынып жетекшілері және ата-аналары белсене қатысты.

Жиын барысында сөз алған Ержан Әліұлы оқу жылының аяқталуы қарсаңында түрлі сылтауларды алға тартып, облыс аумағындағы мектептерде ата-аналардан ақша жинау фактісі жиілегенін және бұл құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктер қарастырылғанын ескертті.

Сондай-ақ, жедел түрде ақша жинау мәселелерін тоқтатуды, жемқорлық дкөріністеріне жол бермеуді және ақша жинауды ұйымдастырған тұлғаларды анықтап, тиісті шара көруді тапсырды.

Егер Сіз де, білім беру ұйымдарында ақша жинау фактілеріне кездесіп, куә болсаңыз, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 Call-орталығына хабарлауыңызды сұраймыз.

Хабарыңыз назардан тыс қалмайтынын есіңізге саламыз!

Автор: admin